$457.09 €508.42 ₽5.67

Үкімет қымбатшылықты тежеуді тапсырды

AstanaTV
29.10.2026ж. 19:00
Үкімет қымбатшылықты тежеуді тапсырды

Елімізде ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бірақ халықтың табысы артқанымен, оны қымбатшылық жұтып қоймауы керек. Үкімет басшысы жауапты министрлікке азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді және инфляцияны төмендетуді тапсырды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі де өзгереді. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау, инвестиция тарту және цифрлық экономиканы дамытуға басымдық берілмек. Президент Жолдауын жүзеге асыруға арналған Үкімет отырысында қандай нақты міндеттер қойылды? 

Жалақы өскенмен, баға қымбаттамайды. Үкіметтің бүгінгі отырысында осы мәселеге ерекше назар аударылды. Басты міндет халықтың табысын арттырып қана қоймай, ақшаның құнын сақтау. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, 20 қарашаға дейін инфляцияны төмендетуге бағытталған қосымша шаралар әзірлеуі тиіс. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделетін болады. Инфляцияны одан әрі төмендету мақсатында тарифтік саясатпен кешенді түрде инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша іске асырылып жатқан шаралар аясындағы жұмыс күшейтіледі.

Қымбатшылықты тежеу үшін әкімдіктер азық-түлік бағасын апта сайын бақылап, Сауда министрлігіне есеп береді. Ал жауапты министрліктер екі апта ішінде қысқы азық-түлік қорын қалыптастырып, өнімді тікелей жеткізуді арттыруы тиіс. Әлеуметтік көмек те азаматтардың нақты тұрмыс жағдайына қарай тағайындалмақ. Ол үшін Еңбек министрлігі 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік органдар мен банктердің ақпараттық жүйелерін біріктіруі керек.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі пысықталды. Қазіргі кезде отбасылардың материалдық жағдайын ескере отырып, тиісті түзетілулер енгізілуде. Жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіру бойынша ревизия жүргізілуде. 

Сонымен қатар цифрлық платформалар арқылы халықтың табыс табу мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Халықтық цифрлық экономиканы дамыту. Бүгінде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам қазақстандыққа табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Ендігі қадам – осы мүмкіндіктерді ауыл тұрғындарына да қолжетімді ету. Бұл үшін байланыс инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамуда.

Үкімет басшысы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды да тапсырды. Әсіресе бюджет қаражатын бақылауда, шешім қабылдауда цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Олжас Бектенов әлеуметтік реформалар азаматтардың нақты жағдайын ескере отырып жүргізілуі керек екенін атап өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адам капиталын дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты басымдықтар болуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік реформаларды терең талдаудың негізінде және азаматтардың жағдайын ескере отырып, барынша ойластырып жүргізу қажет. Осыған байланысты шаралар қабылдап, қысқа мерзімде келесі жұмыстарды атқаруды тапсырамын.

Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар 3 қарашада Үкімет қарауына ұсынылады. Әр тапсырмаға жауапты тұлғалар бекітіліп, орындалу мерзімі белгіленеді. Үкіметтің негізгі мақсаты - жалақы мен әлеуметтік қолдауды арттыра отырып, қымбатшылықты тежеу. Өйткені халық үшін маңыздысы табыстың қағаз жүзінде өсуі емес, сол ақшаға көбірек тауар мен қызмет сатып алу мүмкіндігі.