Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның 13-ші саммитінде Қазақстанның бұл ұстанымын тағы да шегелеп айтты. Президент Таяу Шығыстағы, жалпы әлемдегі геосаяси шиеленісті тілге тиек етіп, шекаралас елдермен ынтымақтастықты бекемдеуге шақырды.
Бауырлас елдер бас қосқан жиында тағы қандай мәселелер сөз болды? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.
Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып, бірегей құрылымға айналып келеді. Татулықты ту еткен бауырлас елдер бір-бірінің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарайды. 13-ші саммит Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Алқалы жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ықпалдастықты арттырып, инвестициялық қордың мүмкіндіктерін барынша қолдану қажеттігін алға тартты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет.
ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Сондықтан Қазақстан түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар жоспарлап отыр. Басқосуда Президент Түркі әлемінің ортақ мұрасын сақтау конвенциясын тездетіп қабылдауға шақырды. Түркі өркениеті мен «Мәңгілік ел» орталығын салу қарқынды жүргізілуде. Ұйымға қарасты құрылымдар да іргелі академиялық ізденіс үстінде. Президент Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орнын ерекше атап өтіп, ұйымға Ресейді де қосуға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді.
Түркі әлемін байланыстыруда Транскаспий халықаралық көлік бағытының орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артқан. Ал транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ұйым институционалды тұрғыдан дамуға айрықша назар аударуы тиіс. Сөз соңында президент Анадолы елінің жоғары дәрежедегі қонақжайлығына ризашылығын білдірді.