$453.87 €508.33 ₽5.65

АҚШ Green Card беруді тоқтатты

АҚШ Green Card беруді тоқтатты
Фото: turkystan.kz

АҚШ 2027 жылға Green Card лотереясына өтінім қабылдауды тоқтатты

29 қазанда федералдық апелляциялық сот Мемлекеттік департаментті 1 қарашаға дейін тіркеуді бастауға міндеттеген төменгі сот шешімінің күшін уақытша тоқтатты. Жаңа тіркеу мерзімі әзірге белгісіз, деп хабарлайды  Astana TV  turkystan.kz сілтеме жасап. 

Green Card лотереясын қайта бастау туралы талапты Red Eagle Law иммиграциялық заң фирмасы берген. Компания АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2027 жылға арналған Diversity Visa бағдарламасына тіркеуді ашпауын заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.

14 қазанда Калифорниядағы федералдық сот фирманың талабын қолдап, Мемлекеттік департаментке тіркеуді 1 қарашадан кешіктірмей бастауды міндеттеген. Алайда АҚШ билігі бұл шешімге шағым түсіріп, апелляциялық сот оны уақытша тоқтатты.

Сот құжаттарына сәйкес, Red Eagle Law компаниясының соңғы үш жылдағы табысының 7–29 пайызы Green Card лотереясына қатысушыларға құқықтық көмек көрсетуден түскен. Фирма бағдарламаның тоқтап қалуы өз бизнесіне қаржылық зиян келтіргенін алға тартқан.

Дегенмен апелляциялық сот иммиграциялық бағдарлама ең алдымен АҚШ-қа көшуге үміткер адамдардың мүддесін қорғауға арналғанын атап өтті. Ал заң фирмасының коммерциялық мүддесі бұл бағдарламаның негізгі мақсатымен тікелей байланысты емес деп бағаланды.

Сонымен бірге судьялар Мемлекеттік департаменттің лотереяға тіркеуді ашпау туралы шешімін қолдамайтынын да мәлімдеді. Яғни сот Green Card бағдарламасын біржола тоқтатқан жоқ, тек оны қайта бастауға міндеттейтін бұрынғы шешімнің орындалуын апелляция қаралғанша тоқтатты.

Diversity Visa бағдарламасы АҚШ-қа иммиграция деңгейі төмен елдердің азаматтарына жыл сайын 55 мыңға дейін иммиграциялық виза алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар кездейсоқ іріктеу арқылы анықталады.

Қазір DV-2027 бағдарламасына тіркеу ашылмаған. АҚШ Мемлекеттік департаменті өтінім қабылдаудың жаңа мерзімін жариялаған жоқ. Сондықтан қатысқысы келетін азаматтарға ресми хабарламаларды қадағалау қажет.