Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 78 медициналық ұйымның лицензиясын кері қайтарған. Олардың қатарында стоматологиялық клиникалар да бар. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Astana TV.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2026 жылдың 9 айындағы бақылау және қадағалау қызметінің қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық департаменттер заңнама талаптарын бұзған медициналық ұйымдардың лицензияларын сот тәртібімен тоқтату рәсімдерін бастады.
Нәтижесінде 78 медициналық ұйымның, оның ішінде стоматологиялық клиникалардың лицензиясы кері қайтарылды.
Бұл жұмыс пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, лицензиялық талаптардың сақталуын бақылауға және медициналық қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Министрліктің мәліметінше, басты қағида: медициналық көмек көрсету құқығы заңнама талаптары мен қауіпсіздік стандарттарын мүлтіксіз сақтаумен қатар жүруге тиіс.