$453.26 €506.7 ₽5.58

Атырау облысының балық шаруашылығына 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынады

Атырау облысының балық шаруашылығына 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынады
Фото: ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығын дамыту, тауарлы балық өсіру көлемін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын жаңғырту және балық ресурстарын сақтау бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл әсіресе Атырау облысында белсенді қолға алынуда

Өңірде балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2030 жылға дейін 25 млрд теңгеден асатын сегіз ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл жобалар тауарлық балық өсіру көлемін ұлғайтуға, өндіріс қуатын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім түрлерінің кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.

Ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғырту. Оған 12 млрд теңгеден астам инвестиция салу көзделген. Қазіргі уақытта 11 жаңа нысанның құрылысы басталды.

Жоба аясында балықты қабылдау, мұздату, тұздау, ыстау және консервілеу, сондай-ақ уылдырық пен сүбе өндіру цехтары бар заманауи өндірістік кешен құрылады. Сонымен қатар механикалық-жөндеу цехын салу қарастырылған. Жоба толық қуатына шыққан кезде кәсіпорын өнімнің 200-ге дейін түрін шығара алады.

Зауытты жаңғырту өңделетін балық көлемін арттыруға, дайын өнім түрлерін көбейтуге, шикізатты терең өңдеу деңгейін көтеруге және отандық өндірушілердің нарықтағы позициясын нығайтуға жол ашады.

Өңдеу инфрақұрылымын дамытумен қатар тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға да басымдық беріліп отыр. 2030 жылға қарай Атырау облысында бұл көрсеткішті 2,6 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

Биыл тоғыз айда өңірде 7 мың тонна балық өңделді.

Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – балық ресурстарын сақтау және олардың табиғи өсімін молайту. Биыл Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 4 миллионға жуық шабағы жіберілді. Сонымен қатар браконьерлікке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Жыл басынан бері 2,4 мың құқық бұзушылық анықталып, 168 іс соттың қарауына жолданды.

Бұдан бөлек, балық аулау кооперативтерінің қызметіне қолдау көрсетілуде. Биыл 16 кооперативке 16 мың тонна балық аулауға лимит бөлінді. Қазіргі уақытта оның 44 пайызы игерілген.

Атырау облысы еліміздің балық шаруашылығы саласында айрықша орын алады. Өңірдің үлесіне республика бойынша ауланатын балықтың жалпы көлемінің 31 пайызы тиесілі.

Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға, отандық балық өнімдерінің көлемін арттыруға және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады.