$453.26 €506.7 ₽5.58

Жұмыстағы сынақ мерзімі: қызметкер нені білуі керек?

Жұмыстағы сынақ мерзімі: қызметкер нені білуі керек?
Фото: pixabay

Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкердің кәсіби біліктілігін және тапсырылған жұмысты атқара алатынын бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Бірақ сынақ мерзімі кезінде де азаматтардың еңбек құқықтары толық сақталуға тиіс

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер еңбек шартында мұндай талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі, деп хабарлайды Astana TV. 

Әдетте сынақ мерзімі үш айдан аспауы қажет. Ал кейбір қызметкерлер үшін, атап айтқанда ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына алты айға дейін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін.

Ең бастысы, қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап заңда көзделген барлық негізгі еңбек құқықтары мен кепілдіктеріне ие болады.

Атап айтқанда, сынақ мерзімі кезінде қызметкердің:

  • жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға;
  • белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің сақталуына;
  • қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге;
  • еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді пайдалануға;
  • еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.

Сынақ мерзімі кезінде жұмыс беруші жалақыны азайта ала ма?

Сынақ мерзімінің белгіленуі жалақыны азайтуға негіз бола алмайды. Еңбекақының мөлшері еңбек шартында көрсетіледі және заң талаптарына сай болуы керек.

Мәселен, азамат жұмысқа үш айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның сынақтан өтіп жатқанына сілтеме жасап, жалақысын өз бетінше азайта алмайды. Еңбекақы мөлшерін өзгеше белгілеу үшін заңды негіз болуы және бұл талап еңбек шартында көрсетілуі қажет.

Сынақ мерзімінен өте алмаса, қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?

Егер сынақ нәтижесі бойынша жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейді деген қорытындыға келсе, еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұза алады.

Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзатынын алдын ала хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын түсіндіруге міндетті.

Яғни сынақ мерзімінде жүрген қызметкерді жұмыс беруші өз қалауынша, ешқандай себеп түсіндірместен және заңда белгіленген тәртіпті сақтамай жұмыстан шығара алмайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының бір бөлігі екенін еске салады. Осы кезеңде де қызметкердің еңбек құқықтары мен заңда көзделген кепілдіктері толық сақталады.

Сондықтан жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын мұқият оқып шығу қажет. Әсіресе сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына қатысты талаптарға назар аударған жөн.

Өзінің еңбек құқықтарын білу қызметкерге заң бұзушылықтардың алдын алуға және жұмысқа орналасу кезінде өз мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.