$453.26 €506.7 ₽5.58

Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған ер адам үйқамаққа жіберілді

Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған ер адам үйқамаққа жіберілді
Фото: pixabay

Ақтауда балалар хирургіне шабуылдады деген күдікке ілінген ер адам үйқамаққа жіберілді. Бұл туралы оның адвокаты Әлхат Ақжігітов хабарлады

Шаншархан Әбдухалимнің жұбайы да әлеуметтік желідегі парақшасында күйеуінің үйіге жіберілгенін жазды. Ал ұлының әлі дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдап жатқанын айтты, деп хабарлайды Astana TV.

Еске салайық, 31 қазанда Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде науқас баланың әкесі мен балалар хирургі арасында жанжал шыққан. Полицияның мәліметінше, ер адам баласына көрсетілген медициналық көмектің сапасына көңілі толмаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған бап медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолдану әрекетіне қатысты.

Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адамға екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте осы оқиғаға қатысты сала министрі Ақмарал Әлназарова өз ойын білдірді. 

«Өз қызметін атқарып жатқан адамды біреу келіп, ұрып-соғып, жұлқылап жатса, бұл дұрыс па? Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті құзырлы органдар өз бағасын берер. Ер адамның бұл жағдайға неліктен барғаны қылмыстық істі тергеу барысында дәлелденер. Ал дәрігер мұндай жағдайға жеткізді деген әзірге дәлел жоқ», – дейді министр.