$452.91 €509.43 ₽5.53

Интернет-платформалар арқылы 956 мыңға жуық адам жұмыс істейді

AstanaTV
04.11.2026ж. 19:00
Интернет-платформалар арқылы 956 мыңға жуық адам жұмыс істейді

Айшылық алыс жерлерден жылдам тауар алғызған қосымшалардан да ақау шыға бастады. Әрине, техникалық олқылықты түзетуге болады. Алайда жұмысшының ақысы мен кәсіпкердің табысы сол жүйеге тәуелді. Жақында Yandex Go сервисіндегі ақау салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер тапсырыс қабылдай алмай қалды. Бұл цифрлық платформалардың мүмкіндігімен қатар, жауапкершілігін де айқындау қажеттігін көрсетті.

Қазір ақылды қосымшалар диқанға да, шопанға да  жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Бірақ ортақ отандық жүйе жоқ. Мәселен, 20 жылдан аса ат жалында жүрген Батырбек Қошқарбаев бүгінде бие байлап, күбі піседі. Өз өнімін тұтынушыға тікелей жеткізіп, сауда ауқымын кеңейтуді  көздейді.

БАТЫРБЕК ҚОШҚАРБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Көпшілігі ауылдан, шаруашылықтан алады да, базарларға ет қабылдайтын сол жерге әкеледі. Ол жерден бір адам ортадағы делдал сатып алады. Ол делдал ішке кіргізеді. Бір платформа болса егер, приложения сияқты. Тікелей адам үйде отырып, шалғайдағы фермерден немесе бізден де тікелей тауып алатындай, осындай ет керек, осынша кг шамасында деп тапсырыс бере алатындай жағдайға жетсек ол нұр үсітне нұр болады деп ойлаймын.

Платформалық сауда мен қызмет көрсету нарығы ұлғайған сайын оған деген сұраныс та артатыны анық. Қазір Қазақстанда 35 интернет-платформа арқылы 956 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл цифрлық экономиканың еңбек нарығындағы орнын аңғартады. Дегенмен бір ғана жүйедегі ақау мыңдаған адамның табысына әсер етуі мүмкін.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Басқа мемлекеттің аити саласының платформалары ол біздің ақпараттарымызды да сол мемлекетке кетіп қалуының да мүмкіндігін беруі мүмкін. Ал қазақстандық болатын болса, біздің өзіміздің отандық кадрларды жұмылдыра аламыз. Ол біздің өзіміздің тіркелген жеріне салықтарын төлейді және және ақпараттар өзіміздің іште болғандықтан ұлттық қауіпсіздігімізге зиянын тигізбейді.

Мәселені шешу үшін Құрылтау Депутаты Гүлзира Атабаева  Үкіметке бірқатар ұсыныс  жолдады. Депутаттың пікірінше, ең алдымен, цифрлық еңбек нарығындағы ықтимал қауіптердің алдын алу маңызды. Ол үшін мемлекеттік органдар мен платформалар арасындағы байланысты күшейтіп, жүйедегі іркілістер кезінде азаматтардың табыссыз қалмауын қамтамасыз ету қажет.

ГҮЛЗИРА АТАБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бірінші, платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстанның еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізу. Екінші, цифрлық платформалардағы жаппай техникалық ақауларға назар аудару жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірлеу. Мемлекеттік органдар мен операторлардың өзара іс-қимылының, азаматтарды шұғыл хабардар етудің, тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтірудің нақты алгоритмін, берешекті жедел өтеуді және зардап шеккен орындаушыларға арналған ерікті өтемақы бағдарламаларын көздеу.

Цифрлық платформалар кәсіпкерге де, қарапайым азаматқа да қолжетімді болғаны дұрыс. Бірақ жүйе істен шыққан жағдайда жауапкершілік те нақты белгіленуі қажет. Технология дамыған сайын, оған деген сенім де нығаюға тиіс.