Бес жылда газ иісінен 300-ге жуық адам қайтыс болды. Баллон жарылып өмірмен қош айтысқандар да аз емес. 137 жағдай тіркеліп, 33 тұрғын көз жұмған. Қайғылы жағдайдың көбі мұржалардың уақтылы тазаланбай, қала берді газ қондырғыларының қауіпсіздік талаптарына сай орналаспауынан болған. Көгілдір отынның игілігін көремін деген жүрт неге күйе басып жүр? Көзге көрінбейтін қауіп неге жиілеп кетті? Әріптесім Аружан Задабек зерделеді.
Салғырттық. Сапасыз жабдық. Тазаланбаған мұржа. Кейде осындай немқұрайлылықтың соңы орны толмас қайғыға әкеледі. Газдан улану оқиғалары қауіпсіздік талаптарын елемеудің қаншалықты қауіпті екенін әлдеқашан айқындап берген. 5 жылдағы статистика 300-ге жуық адамның көз жұмғанын көрсетті. Әріге бармай, беріні айтар болсақ, жылыту маусымы басталған айналдырған бір айдың ішінде Астанада 29 өрт тіркелді.
ДИАС НҰРМАХАНБЕТ, НҰРА АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
Құбырларын дұрыс істемейді. Сонын әсерлерінен түтіндеу фактілері болып, үйдің ішін түтін басады. Көптеген тұрғын үйдегі адамдарда улану қаупі көп болады.
Биыл халықтың 64 проценті табиғи газға қол жеткізді. Яғни, жеті жылда 772 ауылға көгілдір отын тартылды.13 миллион тұрғын пеш жанынан алыстайтынына мәз болды. Бір Астананың өзінде желілер 20 мың абонентке жетті. Әрине, көгілдір отынның қолжетімді болуы - қала үшін маңызды жетістік. Әсіресе бұрын көмір жаққан тұрғындардың тұрмысы жеңілдеді. Алайда газ құбырының үйге дейін тартылуы- қауіпсіздік мәселесі шешілді деген сөз емес.
БЕГАЛЫ ЕРАЛИЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ескі көппәтерлі үйлердегі түтін шығару және желдету арналарының уақытында тексерілмеуі мен тазаланбауы иіс газынан улану қаупін арттырады. Бұл жұмыстарға жауапты тараптардың міндеттері мен бақылау тәртібін нақтылау қажет.
Иә, Газды үйге кіргізу бір бөлек, оны талапқа сай орнатып, дұрыс пайдалану - мүлде бөлек әңгіме.
Алдымен газ тарату ұйымынан техникалық шарт алынады. Одан кейін үйдің газдандыру жобасы әзірленіп, жабдықтың орналасуы мен құбырлардың бағыты айқындалады. Келесі кезең - монтаж жұмыстары.
Қателіктің бір ұшы осы жерден шығады. Қалтасындағы 5-10 тиынын үнемдегісі келетін жұрт арзанға әуестенеді. Шаруаны тиісті біліктілігі бар мамандандырылған ұйымға тапсырудың орнына «ауызбен қамал алғандардың» уәдесіне сенеді. О баста қателік байқала бермейді. Құжатта бәрі дұрыс болғанымен, іс жүзінде талап сақталмауы мүмкін.
АҚБОТА ҚАДЫРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Газды орнатқан кезде бізге техникалық мамандар келіп, тексеріп, орнатты. Бүкіл жағдай тәртіпке сай деді. Ешқандай бұзушылық жоқ деп салып кетті.
Өткен жылғы жылыту маусымында «QazaqGaz» компаниясына 32 мыңнан астам өтінім түскен. Тұрғындардың басым бөлігі жоғарыда айтылған газ кіргізу ісіндегі олқылықты шешу үшін хабарласқан.
ЕРКЕБҰЛАН МӘЛІК, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі таңда МИБ төрағалары сайланған күннің өзінде өздеріне жүктелген міндетті толық білмейді. Сонын салдарынан осындай оқыс оқиғалар көп.
Бізде газды үйге дейін жеткізетін бір ұйым, үй ішіндегі жабдыққа жауапты басқа тарап, ал қауіпсіздікті бақылау - мүлде өзгенің міндеті. Депутаттар осы үш буынның жұмысы бір жіпке тізілмей апат азамайды дейді. Доп тепкендей бір-біріне сілтей түссе тақырып та тарқалмайды. Сол үшін Құрылтайдағылар бірыңғай цифрлық база құруды ұсынып отыр.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қауіпсіздік - осы шынжырдың әр буыны секілді. Бірінші буын - газ жабдығын дұрыс орнату. Екіншісі - оны уақытылы техникалық тексеруден өткізу. Үшіншісі - желдету мен түтін арналарының жарамдылығы. Төртіншісі - бақылау. Егер бір буыны үзілсе, бүкіл жүйенің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Ал жауапкершіліктің қай тұста үзілері белгісіз. Сондықтан сақ болыңыз!