$447.14 €499.54 ₽5.46

Әскери журналист үшін ақпаратты жинау ғана емес, оны жариялаудың шегін білу маңызды

Әскери журналист үшін ақпаратты жинау ғана емес, оны жариялаудың шегін білу маңызды

Қазір әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, қарулы қақтығыстардың қатері күшейді. Соғыс жүріп жатқан аймақтардан хабар тарату үшін өмірін қатерге тігетін журналистер аз емес. АҚШ-та орналасқан Журналистерді қорғау комитетінің дерегінше, 2025 жылы әлемде 129 журналист пен медиа қызметкері қаза тапқан. Оның кемінде 104-і қарулы қақтығыс жағдайында көз жұмды. Бұл – ұйым 1992 жылдан бері тіркеген ең жоғары көрсеткіш. 7 қараша - Қазақстанда әскери журналистер күні. Осыған орай тілшіміз Айсәуле Съезбек әзірлеген сюжетті көрейік.  

Әскери журналистер тек соғыс пен майдан тақырыбын қамтымайды. Олар армияның тыныс-тіршілігі, халықаралық қауіпсіздік пен  Отан қорғаушылардың ерлігі жайлы үздіксіз ізденеді. Әсіресе, ақпараттық текетірес күшейген бүгінгі заманда бұл міндеттің маңызы арта түсті. Өйткені қазіргі күрес тек аумақ үшін емес, қоғамның сенімі мен санасы үшін де жүріп жатыр. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 2015 жылдан бері журналистерді қиын-қыстау кезеңде жұмыс істеуге даярлайтын «Әскери дискурс» өткізеді. 11 жылдың ішінде 250-ге жуық маман практикалық сабақ алған.

 РУСЛАН БЕКАРСЛАНОВ, ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТ:

Ұрыс даласында журналист ешқашан қаруға жоламауы керек. Бұл оны азаматтық статусынан айырып, қауіпке итермелейді.  «Пресс» деген жазуы бар арнайы киімдерді кию-кимеу деген жауабы жоқ сұраққа айналды. Оны әр ситуацияға байланысты логикаға салу керек. Негізінен көзге түсетін ашық түсті киім кимеу керек. Қара көк, сұр түстер таңдаған дұрыс. Ерлік жасаймын деп өз бетінше әрекет етуге болмайды. Ешқандай репортаж амандығыңыздан артық емес.

Биыл қазақстандық тілшілер Алматының тау бөктерінде арнайы даярлықтан өтті. Олар қатерлі ортада жұмыс істеу, қауіп-қатерді бағалау, алғашқы медициналық көмек көрсету, орманда от жағып, ас әзірлеу және ағаштан баспана тұрғызу тәсілдерін меңгерді. Бұған қоса, психологиялық дайындықтан өтіп, халықаралық гуманитарлық құқықты оқыды. Өйткені ауыр көріністер мен адам шығыны тілшінің жан дүниесіне де салмақ салады. 

АЛМАС ТҰЯҚБАЙ, ЖУРНАЛИСТ:

 Біз сырттан қарап әскери журналистика енді салалық журналистика ғой. Барлығымыз көреміз, үйрене саламыз деп ойлайтынбыз. Нақтылай келген кезде оның барлық ауыртпашылығын, қалай ақыл-сананы қосу керектігін түгел көзіміз жетті. 

Қазір  қауіп тек оқ пен снарядтан төнбейді. Ақпараттық кеңістікте де журналистер үлкен жауапкершілік арқалайды. Жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне, тексерілмеген хабар мен әлеуметтік желідегі манипуляция шындықты бұрмалауы мүмкін. Ал әскери нысандардың орналасуы, бөлімдердің қозғалысы туралы мәліметті дер кезінде жариялау адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан бүгінгі әскери журналист үшін сауатты жазу аздық етеді. Ол ақпаратты тексеріп, цифрлық қауіпсіздікті сақтап, жариялауға болмайтын деректерді ажырата білуі керек.

САПАРҒАЛИ ЖАҒЫПАРОВ, АРДАГЕР ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТ:

1996 жылы Таулы Бадахшанның Калаи-хомб дислокация аумағына фотостудиямен бірге бардым. Сол жерде қызмет етіп, шекараны қорғап тұрған біздің әскерилер туралы ақпарат дайындадым. Қазіргі кезбен салыстырғанда бұрын әскери ақпаратқа қатты цензура болатын. Бәрін жаппай жариялау деген жоқ. Дегенмен аналитика жағы мықты болды. Жалпы әскери журналист сауатты, жан-жақты болуы тиіс.  

Бүгінде әскери журналист үшін ақпаратты жинау ғана емес, оны жариялаудың шегін білу де маңызды. Әскердің нақты орналасуы, әскери бөлімдердің қозғалысы мен операциялық жоспарларына қатысты мәліметтерді жариялау қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Демек, әскери журналистің басты міндеті – ақпаратты жасырмай жеткізу ғана емес, оның ел қауіпсіздігі мен адам өміріне әсерін де ескеру.