$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Халықаралық байқаушылардың шығыны Қазақстан қаражатынан өтелмейді

AstanaTV
23.02.2016ж. 20:00
1313
Халықаралық байқаушылардың шығыны Қазақстан қаражатынан өтелмейді

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бақылауға 700-ден астам халықаралық байқаушы қатыспақ. Олардың алғашқы легі ақпанның 26-да келеді деп күтілуде. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова  айтты. Мәжіліс сайлауын бақылауды үш халықаралық ұйымның миссиясы жүзеге асырады. Айта кетейік, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы наурыздың 20-на өтеді. 21 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы өз арасынан депутаттарды таңдайды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының құрамында 400 -ден астам, ТМД байқаушылары миссиясында 300-дей байқаушы келеді деп күтіліп отыр. Мұнан бөлек, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы миссиясы қатарында 10-нан астам байқаушы бар. Айта кетерлігі, ТМД мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы байқаушыларының жергілікті мәслихаттар сайлауын бақылауға мандаттары жоқ. Олар тек президенттік және парламенттік сайлауларды қадағалай алады.

Аталған миссиялардың ең ауқымдысы - Еуропалық байқаушылар миссиясы. Олар сайлау аяқталған соң баспасөз конференциясын өткізіп, алдын ала қорытындыларын жариялайды.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы қорытынды есебін екі ай ішінде жариялайды. Халықаралық байқаушылар сайлау кезінде сайлау комиссиясына олардың қателіктерін нұсқап, көмек көрсетуі керек. Сайлау туралы конституциялық заңда бұл жазылған. ТМД мен Шанхай ынтымақтастығының миссиялары солай істейді. Ал Еуропалық байқаушылар тіркеген ескертпелерін есептерінде көрсетеді.

Бүгінде Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросынан 40 байқаушыны, ТМД миссиясынан 12 байқаушыны аккредиттеді. Жалпы 1995 жылдан бастап Қазақстан түрлі сайлауларда 9 мыңнан астам халықаралық байқаушыны қабылдаған.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Көптеген халықаралық ұйымдар сайлауға бақылау жүргізеді. Бірақ барлығы бірдей миссия жасақтамайды. Қазақстанда биылғы сайлауды үш халықаралық ұйымның миссиясы бақылай алады.

Халықаралық байқаушыларға жұмсалатын шығын оларды жіберген елдің немесе халықаралық ұйымның қаражаты есебінен өтеледі. Немесе байқаушы өз қызметінің шығынын өзі көтереді,- дейді Татьяна Охлопкова. Яғни Қазақстан бұл мақсатқа қаржы шығармайды. Тағы бір мәлімет, халықаралық байқаушыларды тіркеу наурыздың 14-де аяқталады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ