$447.14 €499.54 ₽5.46

Жол ережесін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды

Жол ережесін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды
Polisia.kz

Ұлытауда тасжолда жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Astana TV.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Жезқазған – Есіл – Петропавл автожолында патрульдік полиция қызметкерлері дронның көмегімен бақылау жүргізді.

Әуеден мониторинг жүргізу барысында тасжолдағы жеңіл және жүк көліктерінің қозғалысы назарға алынып, бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелді. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпаған бірнеше жүргізуші анықталды. Сонымен қатар жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі сусымалы жүкті арнайы жабынмен жаппай тасымалдаған. Тағы бір жүргізушінің жүк көлігін басқаруға қажетті санаттағы жүргізуші куәлігі болмаған. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дрон көмегімен жүргізілетін бақылау жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға, патрульдік полиция жұмысының тиімділігін арттыруға және жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, жүк тасымалдау талаптарын орындауға және көлік құралын тиісті санаттағы жүргізуші куәлігімен ғана басқаруға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Әр жүргізушінің тәртіп сақтауы адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі.