$448.98 €502.45 ₽5.45

"Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек" - Президент

"Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек" - Президент

Қазақ тілі Ethnologue дерекқорының ең кең таралған тілдер рейтингінде 79-орында. Қазіргі таңда ана тілімізде 16 млн 500 мыңнан астам адам сөйлейді. Ал ғылыми ортадағы қазақ тілінің деңгейі «Институттық өміршеңдік» деңгейінде деп бағаланып отыр. Биыл мектепке барған бүлдіршіндердің 71 проценті қазақ сыныптарында білім алуда. Тіл жанашырлары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайында бас қосып, мемлекеттік тілді ары қарай дамытудың даңғыл жолдарын іздеді. 

Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Тіліміздің тағдыры күмәнді деп зарлай беруді доғару керек. Мұндай теріс пікір өзге елдің алдында абырой әпермейді. Қазақ тілін өміршең ету өз қолымызда. Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында Президент мемлекеттік тілдің заманға сай дамып келе жатқанына тоқталды.  Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық компаниялары да мойындап отыр. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Ал Yandех компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі — қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.

Қазақ тілінің сөздік қоры бай. Әдеби мұра да мол. Бірақ оның бәрі цифрлық форматқа толық көшірілмеген. Мемлекет басшысы келер ұрпақтың игілі үшін деректерді цифрландыру  міндетін алға қойды. Таза Қазақстан ұғымы тілге де қатысты. Жұртты шатастырып, тілдің бірізділігіне кері әсер ететін факторларды жою керек. Орфографиялық сөздік соңғы рет Кеңес заманында, 1983 жылы мемлекеттік деңгейде бекітілген. Президент осы жылдың соңына дейін оны ғылыми негізде жаңалауды тапсырды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады.

Владислав Тен 7 жылдан бері жеке методикасымен қазақ тілін үйретеді. «Қазақ тілі формуласы» кітабының авторы бүгінге дейін 3 мың адамға сабақ берген.  Айтуынша, мемлекеттік тілді үйренуге бейіл адамдар қатары жыл санап артып келеді. 

ВЛАДИСЛАВ ТЕН, «ҚАЗАҚ ТІЛІ ФОРМУЛАСЫ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ:

Менің өзім шетелдік ретінде қазақ тілін нөлден бастап үйренген адаммын. Сондықтан мен оны орыстілді адамдарға қалай үйрету керек екенін білемін. Біз олардың сөйлеп кетуіне емес, түсініп кетуіне баса мән береміз. Нөлден бастап үйрену үшін қазақтың грамматикасынан бастау керек, сосын фонетикасына көшу керек. Содан кейін барып сөздік қор молайтамыз.  

Тілді пайдаланып қоғамда алауыздық тудыруға тырысатындар заңға сай жауапкершілікке тартылады. Біздің елде бір тілді басқа тілге қарсы қояға болмайды. Салдарын әлемге көз тігіп-ақ түсінуге болады. Қазақ тілі бірлік пен ынтымақты тілі ретінде дамуы керек. Сонда жаһан жұрты үйрілетін тартымды ел қалыптасады.