Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Байқоңырлық науқастар гемодиализ орталығына зәру

AstanaTV
12.04.2018ж. 20:00
3516
Байқоңырлық науқастар гемодиализ орталығына зәру

Байқоңырдағы отандастарымыз гемодиализ орталығын ашуды сұрайды. Өйткені бұған дейін қан тазарту процедурасын жасап келген ресейлік аурухана соңғы кезде қызметтен бас тартқан. Арнамызға науқастар осылай деп шағымданды. Әріптесім Шарипа Сақтапова тақырыпты жалғастырады.

Байқоңыр тұрғыны Эльмираның бүйрегі ауыстыруды қажет етеді. Ол созылмалы нефрит диагнозымен ауырады. 6 жылдан бері донор күтіп жүр. Әзірге өмірі гемодиализге байлаулы. Жасанды жолмен бүйректің қызметін қалпына келтіреді. Бұл процедураны Байқоңырдағы ресейлік ауруханаларда жасатып келіпті. Енді соңғы кезде жергілікті дәрігерлер қазақстандық ауруханаларға жолдама беретін болды,- дейді. Ал, науқастар үшін жол азабы қиындық тудырып отыр.

Эльмира Рыспаева, Байқоңыр қаласының тұрғыны,  1 топ мүгедегі:

Байқоңыр қаласындағылар, расымен де, дұрыс қарамайды. Шеттетеді. Қазалы, Қызылордаға қатынаған кезім болды. Пенсиям бәрі соған кеткен- тұғын. Қызылордаға қатынадым алты ай бойы, өзім автобуспен солай қатынап жүрдім.

Эльмира секілді науқастарға жасанды бүйрек аппаратының көмегі өмір бойына тағайындалған. Аптасына, кем дегенде, үш рет жасатуы тиіс. Әйтпесе өмірлеріне қауіп жоғары. "Бұл нағыз өмір мен өлім арасындағы арпалыс", - деп күрсінеді байқоңырлық Шарапат Алниязов.

Шарапат Алниязов, Байқоңыр қаласының тұрғыны,  1 топ мүгедегі:

Біз алты адамбыз, бірінші топтағы мүгедек. Сендер - Қазақстан азаматысындар, Қазақстаныңа бар деп, бізді қайта-қайта қуа беретін болса, қалай болғаны сонда? Біз Байқоңырда Қазақстанда диализді ашуға болмай ма? Мүмкіншілік жоқ па? Біз Қазақстанның азаматымыз. Ешқандай жеңілдік жоқ бізге.

Бикүл Закарьянова, Байқоңыр қаласының тұрғыны,  1 топ мүгедегі:

3 күн гемодиализ алмаса, адамның өлгені онда. Сонда да олар қарап жатқан жоқ.  Бес күн өмір ма, 10 күн ба, ертең кетеміз бе, оны біз білмейміз. Біз - мүгедектерміз. Ия, гемодиализ орталығын ашсын. Сондай бір бізге көмек берсе дейміз.

Амалы қалмаған науқастар облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданыпты. Басқармалықтардын айтуынша, мәселе жуық арада шешіледі деп отыр. Проблема ресейлік емханалардағы гемодиализ аппаратыының істен шығуынан кейпін туындаған деп отыр.

Жақсылық Әбдусәметов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Ол науқастар бізге де шықты, министрлікке де шыққан болатын. Қазіргі таңда гемодиализ аппараты жөндеуден өтті. Ресей медициналық ұйымдардын әкімшілігімен басқарма тарапынан осы мәселе талқыланды. Және тұрақты түрде қазіргі таңда қызмет алуын қамтамасыз етуі келісілді.

Байқоңырлық науқастардын шағымынан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қалада гемодиализ орталығын ашу жолдарын қарастырамыз деп уәде етті. Жалпы, өңірде 165 науқас гемодиализ апаратына тәуелді. Қан тазартатын бұл құрылғы облыс орталығынан бөлек 4 ауданда бар екен. 

Шарипа САҚТАПОВА