5-6 қараша күндері Ішкі істер министрлігі кезекті рет "Сұраңыз. Біз жаныңыздамыз" республикалық акциясын өткізді
Екі күн бойы полиция қызметкерлері Threads әлеуметтік желісі және басқа да байланыс арналары арқылы азаматтармен тікелей байланыста болды. Акцияға мемлекеттік органдар мен құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететін ұйымдардың өкілдері де қатысты, деп хабарлайды Astana TV.
Акция барысында 423 өтініш келіп түсті. 70 өтініш бойынша шұғыл ден қою қажет болды. Азаматтарға жалпы 627 түрлі көмек көрсетіліп, полиция қызметкерлері 1 133 факт бойынша мекенжайларға барды. Түскен өтініштер әртүрлі өмірлік жағдайларға қатысты болды. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда нақты шаралар қабылданып, бейінді қызметтер тартылды.
- Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек полицияның міндеті емес екенін атап өткіміз келеді. Бұл ретте әрбір азаматтың ұстанымы маңызды. Көршіңізден жанжалдың дауысын естісеңіз, біреудің зорлық-зомбылыққа ұшырап жүргенін білсеңіз немесе көмекке мұқтаж адамды байқасаңыз, бейжай қарамаңыз дегіміз келеді. Мұндай жағдайлар туралы хабарлаудан қорықпаңыздар. Шетте қалмаңыздар. Жағдайдың құқық бұзушылық екеніне күмәндансаңыз да, бізге хабарлаңыз. Біз мән-жайды анықтап, қажетті көмек көрсету жолдарын қарастырамыз. Акция - полиция мен азаматтар арасындағы ашық әрі жедел байланыстың тиімділігін көрсетті. Әлеуметтік желілер азаматтардың сұрақтарына жауап беретін ғана емес, нақты проблемаларды анықтап, қажет болған жағдайда жедел әрі атаулы көмек көрсетуге мүмкіндік беретін тиімді арнаға айналды. Біз азаматтармен ашық диалогқа дайынбыз. Біздің міндетіміз - тек өтінішті қабылдау емес, адамды тыңдап, оған нақты көмек көрсету. Біз жаныңыздамыз. Бізден сұраңыз, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Ақмарал Серікбаева.