Артық салмақ адам денсаулығына зор қауіп төндіріп, соңы созылмалы ауруларға ұласуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда 560 мыңнан астам адам қант диабетімен өмір сүріп жатыр. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 5 пен 9 жас аралығындағы әрбір төртінші баланың салмағы шамадан тыс. Қауіпті дерттің алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту қалай жүзеге асырылады? Аяулым Изатқызы тарқатады.
Екінші типтегі қант диабеті көбіне алғашқы кезеңде белгі бермей, біртіндеп дамиды. Оның пайда болуына семіздік, дұрыс тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аздығы әсер етеді. Алаңдатарлығы - бұл дерт кейінгі жылдары жастар арасында да жиілеп барады. Сондықтан дәрігерлер аурудың алғашқы белгілерін күтпей, алдын алу шараларын ертерек қолға алуға кеңес береді.
НАЙЛЯ ЖАСЫМОВА, ЖОҒАРЫ САНАТТЫ ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ:
Ең алдымен, екінші типті қант диабеті - өмір салтына тікелей байланысты ауру. Сондықтан оның алдын алу үшін күнделікті әдеттерді өзгертіп, дұрыс тамақтануға мән беріп, дене белсенділігін арттыру қажет.
Ал диабет диагнозы қойылған науқастар үшін дәрі-дәрмектің үздіксіз қолжетімді болуы аса маңызды. Әсіресе, инсулинмен тұрақты қамту - өмірлік қажеттілік. Мұның маңызын COVID-19 пандемиясы кезіндегі жағдай айқын көрсетті. Бүкіләлемдік жеткізу тізбегінің бұзылуы салдарынан қазақстандық науқастар өміріне қажетті препараттарды табуда қиындыққа тап болды.
РУСЛАН ЗАКИЕВ, «ДИАБЕТТІК АТА-АНАЛАР КОМИТЕТІ» ҚҚ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Бізге өз өндірісіміз ауадай қажет. Қиын кезеңдерде шетелден келетін дәрі-дәрмекке тәуелді болмауымыз керек. Қазір бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар деуге болады. Қарағанды фармацевтикалық кешенінің арқасында елімізде отандық инсулин өндірісі жолға қойылып жатыр.
«ГЕРОФАРМ» компаниясы Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында инсулин өндірісін жолға қойды. Бұл шетелден келетін дәрі-дәрмекке тәуелділікті азайтып, науқастарды өмірлік маңызы бар препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде екінші типті қант диабетін емдеуге арналған семаглутид негізіндегі «SEMAVIC» препараты да қолжетімді. Компания дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және емдеудің жаңа тәсілдерін тәжірибеге енгізуге де басымдық береді.
ЛЮДМИЛА ВОРОНОВА, «ГЕРОФАРМ» КОМПАНИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл - өндірісті жергіліктендірумен ғана шектелмейтін, технологияларды терең меңгеруге жол ашатын үдеріс. Өйткені инсулин өндіру - аса күрделі әрі жоғары технологияны қажет ететін сала.
Мамандар семіздікті жай артық салмақ емес, тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін созылмалы ауру ретінде қарастыру керектігін айтады. Ал дертті дер кезінде анықтап, емді дұрыс таңдау диабеттің асқыну қаупін азайтып, науқастың өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.