«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында арнайы жобалық кеңселер құрылды. Адам әлеуетін дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе мен Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитеті бірлесіп, Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде көшпелі отырыс өткізді.
Педагогтердің әкімшілік жұмысқа жұмсайтын уақытын қысқартып, оларды қағазбастылықтан арылту қажеттігін Мемлекет басшысы Жолдауында тағы да атап өтті. Жасанды интеллектіні білім саласына енгізу кезінде академиялық адалдықты сақтау да — маңызды міндет. Осы бағытта «Әділет» партиясының депутаттары арнайы заң жобасын әзірледі. Құжатты Үкіметке ұсынбас бұрын олар зияткерлік мектептердегі тәжірибені зерделеді. Соңғы бес жылда халықаралық олимпиадалардың бес мыңға жуық жүлдегерін тәрбиелеген мектептер жүйесінде «NIS USTAZ» бағдарламасы енгізілген.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әділет партиясының бағдарламасын іске асыру үшін біз арнайы жобалық офисті аштық. Осы жұмыстың шеңберінде зияткерлік мектепке шығып, білім бағыты бойынша талқылап жатырмыз. Құрылтайдың бір топ депутаттары арнайы заң жобасын президент тапсырмасын орындау мақсатында дайындадық. Бұл мектепте бұл жұмысты қалай қойды деген сияқты сұрақтарды қойып, кездесу өткіздік.
Бүгінге дейін зияткерлік мектеп 26 мыңнан астам оқушыны түлетті. Олардың 91 проценті грант иеленген. Оның 21,7 проценті шетелге оқуға түсті. Халықаралық стандарттармен білім беретін ұйым елдегі өзге де мектептермен үнемі тәжірибе алмасады. Әрі ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елдегі кітап оқу бастамасын жүйелі түрде жүзеге асырады.
ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
НИШ жүйесінде пайдаланып келе жатқан онлайн платформаларды, оның ішінде мұғалімдердің сабақты бірге жоспарлап, осы цифрлық платформада бір пәннің бірнеше мұғалімдері бірігіп жоспарлап, өткізіп, оны талдау жұмыстары арқылы мұғалімнің кәсіби өсуін де және оқушылардың білімін арттыру үшін де тиісті ұстанымдарды қалыптастырғанын көріп отырмыз.