$444.3 €490.91 ₽5.41

Бүгін - Дүниежүзілік диабетпен күрес күні

14.11.2026ж. 13:37
Бүгін - Дүниежүзілік диабетпен күрес күні
Фото: pixabay

Бүгін, 14 қарашада Дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіледі, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл күн 1922 жылы Чарльз Бестпен бірге инсулинді ашқан сэр Фредерик Бантингтің туған күніне орай белгіленген. Бұл жаңалық қант диабетімен өмір сүретін миллиондаған адамның өмірін өзгертті. Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын созылмалы эндокриндік ауру. Қандағы қант мөлшері ұйқы безі өндіретін инсулин гормоны арқылы реттеледі.

Қант диабеті кезінде организм инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмейді немесе оны тиімді пайдалана алмайды. Диабет кез келген жаста пайда болуы мүмкін және жүрек, бүйрек, көз бен нерв жүйесін зақымдайтын ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.

ДДҰ мәліметінше, бүгінде әлемде 800 миллионнан астам ересек адам қант диабетімен өмір сүреді. 1990 жылдан бері бұл ауруға шалдыққан адамдардың саны төрт еседен астам өскен.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген, оның ішінде 30 987-ден астам адам 1-типті қант диабетімен ауырады.

Ауруды уақтылы диагностикалау, емдеудің заманауи технологияларын қолдану және салауатты өмір салтын ұстану асқыну қаупін азайтып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда диабетпен ауыратын пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында ауруды ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, семіздіктің алдын алу және зиянды өнімдерді тұтынуды шектеу шаралары күшейтілді. Сондай-ақ мамандандырылған құзырет орталықтары ашылды.

Маңызды өзгерістердің бірі – 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтар үшін тегін профилактикалық тексерулердің кеңейтілуі. Скринингтің шеңберінде екі жылда бір рет гликирленген гемоглобин, триглицеридтер және тығыздығы төмен липопротеидтер деңгейін анықтауды қамтитын зерттеулер жүргізіледі.

2026 жылдың тоғыз айында мұндай тексерулерден 1,6 миллионнан астам қазақстандық өтті. Нәтижесінде аурудың 32 342 жағдайы анықталды. Анықталған пациенттердің шамамен 95%-ы тұрақты медициналық бақылауға алынды.

Мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда Республикалық эндокринология және диабет бойынша құзырет орталығы және оның Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы филиалдары құрылды. 2027 жылдың соңына дейін мұндай орталықтарды еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.

Емханалардың жанындағы «Қант диабеті мектептерінің» желісі де кеңейтілуде. Онда пациенттер қандағы қант деңгейін бақылауды, дәрігерлердің ұсынымдарын орындауды және аурудың асқынуының алдын алуды үйренеді.

Осы диагнозы бар әрбір пациент емхана арқылы тегін консультация алуға, өзі тіркелген учаскеде тұрақты медициналық бақылауда болуға және асқынулар туындаған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек алуға құқылы.

Сонымен қатар мемлекеттің есебінен инсулиндерді, қандағы қант деңгейін төмендететін ауыз арқылы қабылданатын және инъекциялық препараттарды, сондай-ақ инсулин енгізуге және қандағы глюкоза деңгейін өз бетінше бақылауға арналған құралдарды (тест-жолақтар, глюкометрлер, инсулиндік помпалар, шығыс материалдары және басқалары) қоса алғанда өмірлік маңызы бар дәрілік заттардың кең тізбесі ұсынылады.

2026 жылы МӘМС қаражатының есебінен жалпы сомасы 60,46 млрд теңгеге 50-ден астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алынуда. Препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізу 2026 жылғы қаңтардан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.

Қант диабеті мыңдаған қазақстандықтың өмір сапасына әсер ететін аурулардың бірі ретінде мемлекет бақылауында екенін атап өткен жөн. Дегенмен, бұл – бақылауға болатын ауру, пациенттің өзінің де салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, дене салмағын бақылау және дене белсенділігінің тиісті режимін сақтау бөлігінде рөлі зор.