$444.3 €490.91 ₽5.41

Үш жыл бұрынғы қылмыс ашылды: күдікті мәйіт жасырылған жерді көрсетті

14.11.2026ж. 14:17
Үш жыл бұрынғы қылмыс ашылды: күдікті мәйіт жасырылған жерді көрсетті
Фото: polisia.kz

Абай облысында үш жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды: күдікті мәйіт жасырылған жерді көрсетті, деп хабарлайды Astana TV.

Polisia.kz. ақпаратынша,  2023 жылғы қыркүйекте полицияға жоғалған күйеуін іздестіруді сұрап әйел адам жүгінген. Оның айтуынша, жұбайы жұмыс істеу үшін басқа жаққа кетіп, байланысқа шықпаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгенімен сол уақытта ер адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан, хабар-ошарсыз кеткен азаматты анықтау жұмыстары тоқтаған жоқ.

Полицейлер оқиғаның түрлі нұсқасын мұқият тексеріп, оның жоғалуына қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшыларының назарына осы кісі өлтіру қылмысын жасағаннан кейін басқа қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азамат ілікті. Оның ер адамның жоғалуына қатыстылығын тексеру үшін қосымша кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде күдікті кінәсін мойындап, қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады және мәйіт жасырылған жерді көрсетті.

Қазіргі уақытта айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды. Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырады.

Әрбір қылмысқа құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.