Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Көкжиек ықшам ауданындағы пәтерін өрт шалған тұрғындар ипотекасының негізгі қарыз соммасын сақтандыру компаниясы өтейді - ТҚЖБ

AstanaTV
13.04.2018ж. 20:00
4283
Көкжиек ықшам ауданындағы пәтерін өрт шалған тұрғындар ипотекасының негізгі қарыз соммасын сақтандыру компаниясы өтейді - ТҚЖБ

Көкжиек ықшам ауданындағы пәтерін өрт шалған тұрғындар ипотекасының негізгі соммасын сақтандыру компаниясы өтейді. Егер сақтандыру шартын жасасқан болса. Алматыдағы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығы осылай деп отыр. Алайда, сақтандыру компаниясы мұнымен келісе ме? Олжас Нұржақып пәтерсіз қалғандардың мәселесіне үңіліп көрді.

96 пәтерлі үйдің 30-ы өрттеніп кетті. Оның 21-і банктен ипотека алған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банк өкілдерінің дерегінше, 8-ің төлемі келер жылы аяқталады. Қалғандары ай сайын орта есеппен 30 мың теңгеден әлі 5-6 жыл бойына төлеуі тиіс. Бірақ банк болған жайды ескеріп, өз тарапынан көмек беруге дайын екендерін айтты. Сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасасқан пәтер иелеріне несиені уайымдаудың қажеті жоқ дейді.

Диас Рахымхан, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары:

Біздің анықтауымыз бойынша, 21 пәтердің 16-сы сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасасқан. Олардың банкке қарыз негізгі соммасын сол сақтандырған компания өтеп береді. Клиенттер ары қарай кредит төлемейді. Ал 5 адамда ондай келісім жоқ. Сондықтан банк өз тарапынан клиенттеріне қолдау білдіріп, жеңілдетілген шарттар немесе заемды төлеу мерзімін ұзарту жұмыстарын қарастырып жатыр.

Банк тұтынушылары пәтерлерін әртүрлі компаниялар арқылы сақтандырған. Мәселен, "Қазақмыс" компаниясы 13 пәтерге жауапты. Олар қаржы соммасы тәуелсіз бағалаушылардың есептеуіне тікелей байланысты деп отыр. Яғни тілсіз жаудың әр пәтерге тигізген залалына қарай есептелмек. 

Евгений Купреев, «Қазақмыс сақтандыру компаниясы» АҚ құқықтық мәселелер бойынша басқарушы директоры:

Келісімшартта көрсетілген сомманы сақтандыру компаниясы өтеп беруге дайын. Тек тәуелсіз бағалаушылардың шығынды есептеген соммасына қарай. Өрт шалған үйдің 13 пәтер иесімен шарт бар. Бірақ бәрінің үйі жарамсыз емес қой. Бірі тұтас жанғанымен, бірін түтін шалған дегендей. Сондықтан сомма әртүрлі болады. Оны банкке береміз. Банк ары қарай өзі шешім қабылдайды.

Қазір Көкжиектегі тұрғындардың басым бөлігі өз үйлеріне қайтып оралған. Көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр. Тек тоғыз үйдің тұрғыны ғана жергілікті биліктің уақытша жалдаған пәтерінде жүр.

Нұртуған Ахметов, Алматы тұрғыны:

Екінші айға созылып жатса, екінші айға да төлеп береміз деді. Қаншама халық келіп көмек көрсетіп жатыр. Пенсионер кісіге дейін көрсетіп жатыр. Военная часть, қара халық көмек көрсетіп жатыр. Рахмет. Мың алғыс. Құрылыс компаниясынан келді. Бағалап кетті, 100 пайыз жасап береміз деп.

Олжас Нұржақып, тілші:

Апта өтсе де, өрттің неден шыққаны әлі белгісіз. Төтенше жағдайлар департаменті тексеру жұмыстары аяқталмағанын жеткізді. Тағы бір ескеретін жайт, сақтандыру компаниясы өрт адам қолымен жасалған жағдайда ғана сақтандыру соммасы төленетінін ескертті.

Олжас Нұржақып