Солтүстік Македонияның Крива-Паланка қаласының әкімі ірі қара малдың тұрғындарға қолайсыздық тудыруына байланысты ел үкіметінен 30 күнге төтенше жағдай жариялауды сұрады. Түн жамылған аш мал айналадағы төбелерден қалаға түсіп, саябақтар мен бақтардағы көк шөп пен гүлді отап кетеді, деп Astana TV тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
19 мыңға жуық халқы бар Крива-Паланка қаласы бірнеше жылдан бері қараусыз жүрген ірі қара мәселесін шеше алмай келеді. Қазір олардың саны мыңнан асып кеткен. Салдарынан тұрғындардың мүлкіне зиян келіп, күнкөрісіне қауіп төнген.
Қала ішінде және оның маңында еркін жайылып жүрген сиырлар егістікті таптап, қоршауларды қиратады. Бұдан бөлек, ауызсу жүйесі мен жаяу жүргіншілер жолының тазалығына нұқсан келтіріп, көлік қозғалысына да кедергі келтіреді.
Жергілікті фермерлердің бірі былтыр қараусыз жүрген малдың кесірінен 20 тоннадан астам қырыққабатынан айырылғанын айтты. Келтірілген шығын көлемі шамамен 15 мың еуроны құраған.