Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз рет тапсыруға рұқсат берілді. Бастапқы үш рет тапсыру тегін, тек төртінші рет талпынғандар ақылы негізде жүгінеді. Бастысы әрекет санына шектеу қойылмайды. Ішкі істер министрлігі алғаш рет сыннан өтпегендерге келесі жұмыс күні қайта бағын сынауға мүмкіндік беріп отыр. Одан өте алмағандар тағы 10 күн күтуі тиіс. Бұған дейін болашақ жүргізуші автодромдағы практикалық емтиханнан үш рет өте алмаса, теориялық емтиханды қайта тапсыруға мәжбүр болатын. Енді бұл талап күшін жойды. Жауаптылардың сөзінше, тапсырылған теориялық емтихан нәтижесі бір жыл бойы жарамды боп саналады. Ал емтиханда түрлі қитұрқылыққа барғандарға жаза қатаңдады. Үміткердің шпаргалка не телефон қолданғаны анықталса, емтихан бірден тоқтатылады және нәтиже тапсырылмаған деп есептеледі. Мұндай жағдайда теориялық емтиханды қайта тапсыруға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі.