Заңдылықтың жай-күйін талдау барысында жол-көлік апаттарының жоғары деңгейі анықталды деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасы, деп жазады Astana TV.
2026 жылдың 10 айында елордада 2 021 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан 2 343 адам жарақат алды, 23 адам қаза тапты.
Жол жүрісін ұйымдастырудағы кемшіліктер, оның ішінде 80 жаяу жүргінші өткелінің тиісті көріну жағдайы қамтамасыз етілмей орналасуы анықталды.
Мұндай өткелдерде «көріну үшбұрышы» сақталмаған.
Бұл – жүргізуші жаяу жүргіншіні, ал жаяу жүргінші көлікті алдын ала көре алатын бос аймақ. Көрінуді жасыл екпелер, қоршаулар, тұраққа қойылған көліктер жабады. Бұл әсіресе бойы кішкентай болғандықтан кез келген кедергінің тасасында қалып қоятын балалар үшін қауіпті.
Талдау нәтижелері бойынша прокуратура заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізді.
Жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жұмыс жоспары әзірленіп, әрбір тармақ бойынша нақты мерзімдер, жауапты органдар және күтілетін нәтиже айқындалды.
Жоспарда аса апатқа қауіпті учаскелерді анықтау және тексеру, әрбір жол-көлік оқиғасын оқиға орнына шыға отырып міндетті түрде талдау, мектептер мен балабақшалар маңында қауіпсіз аймақтар құру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі шаралар көзделген.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 14 учаскеде кемшіліктер жойылып, жүргізушілер үшін жаяу жүргіншілердің көрінуі қамтамасыз етілді.
9 мектептің маңында жылдамдық шегі сағатына 20 шақырымға дейін төмендетілді.
Мұндай жылдамдықта бала жолға кенеттен шығып кетсе, жүргізуші уақытында тоқтауға үлгереді.
Басқа білім беру ұйымдарының маңында да жылдамдықты төмендету жұмысы жалғасуда.
Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жылдамдық режимін, әсіресе мектептер маңында, қатаң сақтауға және жаяу жүргіншілерге жол беруге шақырады.
"Жаяу жүргіншілер қырағы болуы, жолды тек жаяу жүргінші өткелі арқылы кесіп өтуі және жүргізушінің оларды көріп, тоқтағанына көз жеткізуі қажет", - делінген хабарламада.