Сот мемлекетке геноцид жасады деген айыпты алғаш рет мойындады. Сот анықтағандай, 2017 жылғы әскери операция кезінде кемінде 10 мың адам қаза тапқан. Сондай-ақ жаппай сексуалдық зорлық-зомбылық көрсету, балаларға шабуыл жасау және көршілес Бангладешке қашуға тырысқан адамдарды қудалау деректері анықталған. Судьялардың пайымдауынша, қауіпсіздік күштерінің әрекеті мұсылман азшылығы саналатын рохинджа халқының едәуір бөлігін жою ниетінен туындаған, деп Astana TV тілшісі BILD агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында жүргізілген әскери операция салдарынан 700 мыңнан астам адам баспанасын тастап, Бангладешке босып кетуге мәжбүр болды. Олардың көбі әлі күнге дейін туған жеріне орала алмай отыр. Қазір Бангладеште шамамен 1,2 миллион рохинджа босқын ретінде өмір сүріп жатыр. Сот сонымен қатар рохинджа халқының бала туу көрсеткішін төмендетуге бағытталған шаралар болғанын да атап өтті.
Мьянма билігі тағылған айыптарды жоққа шығарып, әскери операция рохинджа қарулы топтарының полиция бекеттеріне жасаған шабуылдарына жауап ретінде, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілгенін мәлімдеген.
Халықаралық соттың шешімі түпкілікті әрі оны орындау міндетті. Алайда соттың өз шешімін орындатуға мәжбүрлейтін тетіктері жоқ. Ол тек шешімнің орындалмағанын тіркей алады. Соған қарамастан, бұл үкім халықаралық деңгейде елеулі салдарға әкеліп, геноцидке қатысты өзге істерге құқықтық негіз болатын маңызды үлгіге айналуы мүмкін.