$448.72 €493.86 ₽5.49

Еуропа ғарыш кеңістігін қоқыстан тазартатын аппарат жасайды

Еуропа ғарыш кеңістігін қоқыстан тазартатын аппарат жасайды
Фото: BILD

Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) орбитадағы қызмет мерзімі аяқталған жерсеріктерді ұстап, ғарыш кеңістігінен шығаратын аппарат жасауға тапсырыс берді

Құны 102 миллион еуродан асатын келісімшартты халықаралық консорциумға жетекшілік ететін Германияның OHB компаниясы жеңіп алған. ClearSpace-1 миссиясын 2030 жылы ұшыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Astana TV. 

Алғашқы нысана 2001 жылы ESA ұшырған PROBA-1 жерсерігі болмақ. Арнайы аппарат оған өздігінен жақындап, оптикалық және радиожиілікті датчиктердің көмегімен орналасқан жері мен айналу бағытын анықтайды. Содан кейін төрт роботтық қолымен жерсерікті ұстап алады. Бұдан соң екі аппарат та Жер атмосферасына еніп, жанып кетуге тиіс.

Бұл – орбитадағы ірі нысандарды жоюға бағытталған Еуропаның алғашқы миссияларының бірі. Қарапайым жерсеріктерден айырмашылығы, PROBA-1 басқа аппаратпен түйісуге арналмаған. Сондықтан ол ғарыш қоқысын жинайтын аппаратпен өздігінен әрекеттесе алмайды. Осы себепті нысанаға жақындау және оны ұстап алу жұмыстарының басым бөлігі адамның араласуынсыз орындалуы керек.

Ғарыштағы қоқыс көлемі артқан сайын, оны тазарту қажеттілігі де күшейіп келеді. ESA дерегінше, қазір орбитада 47 мыңнан астам нысанның қозғалысы тұрақты бақыланады. Бұдан бөлек, Жер орбитасында көлемі 1-ден 10 сантиметрге дейін жететін шамамен 1,5 миллион сынық болуы мүмкін. Олар шағын болғанымен, өте жоғары жылдамдықпен қозғалатындықтан, жұмыс істеп тұрған жерсеріктерге зақым келтіруі ықтимал.