$455 €498.77 ₽5.56

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады
Фото: Ақорда

«ҚазМұнайГаз» 16,7 трлн теңгенің инвестициялық жобаларын жүзеге асырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Кездесуде компанияның биылғы он айдағы жұмысының нәтижелері мен алдағы жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Astana TV.

Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жеткен. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты. Бұл жалпы құны 16,7 триллион теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында геологиялық барлау жұмыстарының 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылды. Оның аясында 23 жоба бойынша 60 мың шақырым аумақта сейсмикалық барлау жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасы бұрғыланады.

Бұдан бөлек, компания қолданыстағы кен орындарында қосымша барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Атырау облысындағы Батыс Қарасор және Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнының Жағалау аймағын игеру басталған. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиялары арқылы кен орындарының цифрлық телнұсқалары енгізіліп жатыр.

Мұнай-газ саласындағы тағы бір маңызды бағыт – тауарлық газ өндірісін арттыру. Компания оны қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ инфрақұрылымы нысандарының құрылысы жүргізілуде. Қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделген. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артады деп күтілуде.

Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынған.

Кездесуде Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, соның ішінде полиэтилен өндіру және газ сепарациялау кешендерінің құрылысы да сөз болды.

Әлеуметтік және экологиялық бастамаларға да назар аударылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.

Кездесу қорытындысында Президент геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.