Елордада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Astana TV.
Іс-шара аясында Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қала аумағында кешенді рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Полиция жасақтарының патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, қоғамдық орындар мен азаматтар көп шоғырланатын аумақтарда бақылау шаралары жүзеге асырылуда.
Негізгі назар қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесуге, көші-қон заңнамасының талаптарын бақылауға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері елордада 1200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуына қатысты 97 әкімшілік материал рәсімделді.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Полиция тұрғындар мен қала қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға және құқық бұзушылық фактілері туралы уақтылы хабарлауға шақырады.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ жауапкершілік.