$455 €498.77 ₽5.56

Құрылтай жанынан құрылған «Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті

AstanaTV
23.11.2026ж. 19:00
Құрылтай жанынан құрылған «Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті

Балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.  Осы мақсатта Құрылтай депутаты Дана Медеуованың жетекшілігімен құрылған «Қазақстан балалары» депутаттық тобы алғашқы отырысын өткізді. Жиынға ЮНИСЕФ өкілдері де қатысты. Отырыста Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай ана мен баланы қорғау мәселесі жаңа Конституцияда айқындалған басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ басқосу аясында депутаттық топ пен ЮНИСЕФ арасында өзара ниеттестік туралы хатқа қол қойылды. Құжат балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бірлескен жұмыстың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Тараптар заңнаманы жетілдірумен қатар, балалардың әл-ауқатын арттыруға арналған жобаларды да бірлесе жүзеге асыруды көздейді.

АБДУЛ ФОФАНА,  ЮНИСЕФ ӨҢІРЛІК  ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан балаларының әлеуетін толық ашуға бағытталған бұл бастаманы маңызды қадам деп санаймыз. Қазақстанда балалардың денсаулығы, білімі, тамақтануы мен қауіпсіздігі бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар. Әсіресе, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қорғау қызметтерінің өзара байланысын жолға қойғаны қуантады. Цифрлық технологияларды пайдаланып, ата-аналарға қажетті қызметтерді қолжетімді ету де - үлкен жетістік. Ендігі міндет - осы мүмкіндіктерді барлық балаға бірдей ұсыну. Баланың қай жерде тұратыны оның болашағын шектемеуі керек. Біз осы мақсатта Қазақстан Үкіметімен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз. Депутаттық топтың жұмысы жаңа заңдар мен реформаларды қабылдаумен шектелмей, балалардың өміріне нақты өзгерістер әкелуі керек. Ең бастысы - әр бала қажетті көмекті уақытылы алып, сапалы қызметтерді пайдалана алуы тиіс. Депутат Дана Медеуованың осындай бастама көтергені өте орынды.

Орталық Азияда алғаш рет құрылған мамандандырылған парламенттік топтың жұмысы тек орталықпен шектелмейді. Топ жетекшісі Дана Медеуова жалпыұлттық бастамалар еліміздің әрбір қаласы мен елді мекенінде нақты жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін әкімдіктермен тікелей байланыс орнатылып, өңірлерде арнайы үйлестірушілер бекітілмек. Бұл жергілікті жердегі балалардың сұранысын дәл анықтап, әр баланың қабілетін ашуға қолайлы жағдай жасауға жол ашады. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалардың сапалы білім алуы мен қоғамға етене араласуына айрықша назар аударылады. 

ЛӘЗЗАТ ҚАЛТАЕВА, БҰҰ МҮГЕДЕКТЕР ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

«Қазақстан балалары» депутаттық тобының құрылуы – балалар мәселесінің жоғары деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды қадам. Мен, ең алдымен, мүгедектігі бар балалардың мәселесін көтеремін. Оларға тек әлеуметтік көмек пен оңалту тұрғысынан қарамай, әлеуетін толық ашуға мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл ретте инклюзивті білімнің сапасы мен қолжетімділігі маңызды. Қалада да, ауылда да әр балаға бірдей жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға қатысты қоғамдағы теріс көзқарастар мен стереотиптерді де өзгерту қажет. Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігіне де баса назар аударуымыз керек.