Австралия сенаторы Фатима Пейман парламент отырысына алты айлық қызын қолына ұстап қатысты. Ол мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, әріптестері де сәбиді ойнатып, ресми жиынға жылы әсер сыйлады, деп хабарлайды AstanaTV.
India Today басылымының ақпаратынша, Австралия Сенатының отырысында Батыс Австралия штатының өкілі, тәуелсіз сенатор Фатима Пейман қызын бауырына басқан күйі баяндама жасады. Парламенттік пікірталас барысында ол сәбиін жанынан бір елі тастамаған.
Жиын кезінде сенатор Лидия Торп та бүлдіршінге еркелетіп назар аударып, онымен «тығылыспақ» ойнады. Бұл сәт ресми парламенттік талқылауларға шынайылық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде лезде таралып, ана міндеті мен кәсіби қызметті қатар алып жүру мәселесіне қоғам назарын тағы бір мәрте аударды.
Айта кетейік, Австралия парламентінде отырыс залына сәбилерді алып кіруге ресми түрде рұқсат етілген. Заң шығарушылар қажет болған жағдайда пікірталасқа қатыса жүріп, балаларына қарай алады немесе оларды емізе алады.