$458.57 €501.54 ₽5.57

Елде жалған медициналық анықтаманың саудасы қызып тұр

AstanaTV
26.11.2026ж. 19:00
Елде жалған медициналық анықтаманың саудасы қызып тұр

Жалған медициналық анықтаманы дәрігерге қаралмай-ақ, ақшаға сатып алуға болады. Тіпті еңбекке жарамсыздық парағы мен санитарлық кітапшаны бірнеше минутта рәсімдеп беруге дайын клиникалар бар. Әріптесім Аяулым Изатқызы арнайы эксперимент жүргізіп, мұндай қызметтің қаншалықты ашық ұсынылатынын тексерді. 

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Денең ауырсынып, жұмысқа бара алмасаң, еңбекке жарамсыздық парағын өткізу керек. Алайда қазір оны ақшаға сататындар көбейген. Жалған медициналық анықтама саудасы қаншалықты ашық жүріп жатыр? Көз жеткізу үшін алдымен жекеменшік клиникаға қоңырау шалып көрейік. 

Теңгесін берсеңіз, тегіңіз ауырғандар тізімінде тұратынын көрдіңіз. Ол үшін дәрігердің тексерісінен өтудің де қажеті жоқ екен. Сөзден іске көшу үшін жекеменшік клиникалардың біріне тікелей бардық. Ақ халаттылар науқастың дене қызуын өлшеп, тамырын ұстамақ түгілі, есімін сұрап әуре болмады. Тіркеу орнында еңбекке жарамсыздық парағының саудасы кәдімгі тауардай қызып тұр.

Бұл орталықта жалғыз еңбекке жарамсыздық парағы емес, кез келген медициналық құжаттың «мәзірі» дайын тұр. Сұранысқа қарай бағасы да құбылады. Тіпті тамақтану орындарына жұмысқа тұру үшін міндетті түрде дәрігерлік тексерістен өтіп, зертханалық талдау тапсырылатын санитарлық кітапшаны да санаулы минутта рәсімдеп беруге әзір.

Оңай олжаға құныққандар заң алдындағы жауапкершілікті мүлде ескермейтін секілді. Заңгерлердің айтуынша, жалған құжат жасаған медицина өкілдері де, оны сатып алған азаматтар да жауапкершілікке тартылады.

ДИАС ТУРКЕНОВ, ЗАҢГЕР:

Егер біз осы мед, работниктер жайлы айтсақ, онда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни олар немесе айыппұл төлейді 2000 АЕК-ке дейін,  немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін 2 жылға дейін. осы справкаларды алатын адамдар жайлы айтсақ, олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 160 АЕК-ке дейін штраф төлеуі мүмкін немесе оны арестке алуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігіне де хабарластық. Әзірге ведомстводан ресми жауап күтудеміз.