Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Зыряндағы тасқыннан зардап шеккендерге 150 млн теңге бөлінді

AstanaTV
18.04.2018ж. 20:00
2681
Зыряндағы тасқыннан зардап шеккендерге 150 млн теңге бөлінді

Тасқынға байланысты Шығыс Қазақстанда төтенше жағдай режимі әлі де сақталып тұр. Ал Зырян ауданында қалпына келтіру жұмыстарына 150 млн теңге жұмсалды. Бүгін комиссия  аймақтағы жойқын табиғат апатының алғашқы нәтижелерін қорытындылады. 414 үйді су басқан, 43-і жарамсыз болып қалған.

Зыряндағы жолдар мен үйлердің қазіргі көрінісі осындай. Бірнеше апта бұрын барлығы судан көрінбейтін. Тек шатырлары мен  мұржалар қылтиып тұрған еді. Татьяна Скударнованың үйі балшық пен лайға көміліп қалған. Еріктілер тазалау жұмыстарына көмектескен. Алайда, комиссия бұл үйді тұруға жарамсыз деп қорытындылады.

Татьяна Скударнова, Зырян қаласының тұрғыны:

Үйдегі су әлі де толық кетпеді. Сорғызып жатырмыз. Тіпті баспанамызды босатып, тұрмыстық заттарды шығаруға да мүмкіндік жоқ. 

Қазір бұл отбасы үшін шенеуніктер басқа үйді қарастырып жатыр. Бірақ Татьяна қанша жылдан бері сыйласып келген көршілерін қимайды. Сондай-ақ ол баспанасының орнына картоп егуді жоспарлап та қойған. Бұл дақыл сазды жерде жақсы өседі дейді. Тасқын  Катерина Степанищеваның үйін де айналып өтпеді. Бірақ үй қожайындарының көшу ойларында жоқ. Қазір  толық жөндеу жұмыстарын өткізу үшін, пеш жағып, үйді құрғатуға бар күштерін салып жатыр. Су басқан кезде көгершіндерін құтқара алмағанына налиды.

«Один голубь остался, люблю голубей, в детстве держала.-Утонули?- Да, но куплю обязательно, люблю страшно голубей»

Табиғи апаттан кейін Зырянда тұрғын үйлер мен пәтерлердің бағасы көтерілген. Орташа алғанда 500-700 мың теңгені құрайды. Аймақ басшысы зардап шеккендерге үйлерінің қалпына келтірілетінін айтып сендірді. Үш күннің ішінде 23 құрылыс компаниясы әрбір үйге бағалау жұмыстарын  жүргізуі керек. Ал 18 мамырға дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқталуы қажетг

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жұмыстарды бастадық па, соңына дейін жеткізейік. 24 сәуірде жұмыстарды кім қашан аяқтайтыны жергілікті газеттерде жарияланады. Кеселі сәрсенбіге дейін  атқарылған жұмыстардың есебін беріндер. Тұрғындарды көп күттірмеу қажет. Бізде қаржыландыру мен мүмкіндіктер бар. 

Күннің күрт жылынуына байланысты Зырян ауданында екінші рет су тасқыны болу қаупі бар. Бұқтырма және Хамир өзендерінде су деңгейі көтерілген. Осыған байланысты, жағалаудағы жұмыстар күшейтіліп, қосымша бөгеттер салынды. Оған тойтарыс беруге, құтқару бригадасы сақадай сай. Облыста төтенше жағдай режимі сақталып тұр.

ДИАНА САПАРҚЫЗЫ