$458.13 €502.29 ₽5.58

Иранда наразылыққа қатысқан 21 жастағы қыз өлім жазасына кесілді

Иранда наразылыққа қатысқан 21 жастағы қыз өлім жазасына кесілді
Фото: BILD

Оның сыңарына 25 жыл түрме жазасы берілді

Иран соты биылғы жылдың басында үкіметке қарсы шерулерге қатысқаны үшін Таранех Рахимиді дарға асу арқылы өлім жазасына кесті. Ал оның егіз сыңары Ромина 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп Astana TV тілшісі BILD басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Туыстарының айтуынша, екі қыз да қамауда азапталған. Тергеушілер оларды жыныстық зорлық-зомбылық жасаймыз деп қорқытып, өз кінәсін мойындайтын құжатқа қол қоюға мәжбүрлеген.

Қыздардың екеуі де қаңтардың соңында, наразылық шерулерінен шамамен екі апта өткен соң ұсталған. Отбасы үш айдан астам уақыт бойы олардың қайда екенін білмеген. Анасы қыздарымен тек мамыр айында кездескен. Сол кезде екеуінің де соққыға жығылғаны, шаштарының жұлынғаны байқалған.

Таранех «мохаребе» қылмысы бойынша кінәлі деп танылған. Иран заңнамасында бұл ұғым «Құдайға қарсы соғыс ашу» деген мағынаны білдіреді және ол үшін өлім жазасы қарастырылған. BBC журналистері танысқан сот құжатында Таранехке суық қаруды көрсетіп, адамдардың өміріне қауіп төндірді деген айып тағылғаны жазылған. Ал Ромина осы қылмысқа көмектескені үшін сотталған.

Туыстарының сөзінше, тергеушілер Таранехке мойындау құжатына қол қоймаса, Роминаны көз алдында зорлайтынын айтып қоқан-лоқы жасаған. Қыз сотта өзінен азаптау арқылы жауап алынғанын мәлімдеген.

Егіз қыздардың ісі қаңтардағы наразылықтарға қатысқандарды жаппай қудалаудың бір бөлігіне айналды. БҰҰ-ның Иран жөніндегі арнайы баяндамашысы Май Сатоның мәліметінше, Исфаханда бір ғана іс бойынша он адам өлім жазасына кесілген. Құқық қорғаушылар тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді. Сондай-ақ наразылықтардан кейін Иранда өлім жазасына кесу оқиғалары күрт көбейгенін хабарлап отыр.