Түркістан облысының Шардара ауданында заңсыз балық аулау дерегі анықталды. Рейд барысында тыйым салынған құралдарды пайдаланған тұрғын полицейлердің назарына ілікті, деп хабарлайды Astana TV.
Шардара ауданында полиция қызметкерлері мен балық инспекциясы өкілдері бірлескен рейд жүргізіп, заңсыз балық аулау фактісін тіркеді.
Көксу ауылына қарасты "Шошқа көл" аумағында жергілікті тұрғын тиісті рұқсат құжаттарынсыз балық аулап, тыйым салынған қытай торларын пайдаланған.
Оқиға орнынан үрлемелі қайық, ұзындығы 30 метр болатын екі қытай торы және 50 келіге жуық түрлі балық тәркіленді.

Аталған факті бойынша балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар соттың қарауына жолданды.
Полиция табиғи ресурстарды қорғау және заңсыз балық аулау фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат байлығына ұқыпты қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырады.