Заң бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынып, бірқатары лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Astana TV.
Астанада алкоголь өнімдерін сату талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынған. 2026 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша 1 023 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласы прокуратурасының прокуроры Шерхан Шорабектің айтуынша, жауапқа тартылғандардың 889-ының лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 107 адам лицензиясынан айырылған. Ал тиісті лицензиясыз алкоголь сату бойынша 249 құқық бұзушылық анықталған.
Заңға сәйкес, алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға болмайды. Сондай-ақ алкогольді бөлшек сауда орындарында сағат 23:00-ден таңғы 08:00-ге дейін өткізуге тыйым салынған. Ал құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын өнімдерді кешкі 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін сатуға рұқсат жоқ.
Сатушылар сатып алушының жасына күмән туған жағдайда жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті. Құжат көрсетілмесе, алкоголь сатудан бас тартуы керек.
Заң талаптарын бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?
Алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс немесе 21 жасқа толмаған адамдарға сатқан жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 20 және 180 АЕК-ке дейін өседі. Бұдан бөлек, кәсіпкер лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Ал лицензиясыз алкоголь сатқандарға ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 15 АЕК, кәсіпкерлерге 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 30 және 500 АЕК-ке дейін жетеді. Заңда көзделген жағдайларда өнім тәркіленеді.
Прокурордың мәліметінше, өткен жылы осы бап бойынша 908 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 781-інің лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 68 адам лицензиясынан айырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 129,1 миллион теңгені құраған.
Қала прокуратурасының бастамасымен Мемлекеттік кірістер департаменті мен Полиция департаменті алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бойынша бірлескен жұмыс алгоритмін әзірлеген.
Сонымен қатар прокуратура жүргізген талдау лицензия беру, алкоголь айналымын бақылау және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру бағыттарында бірқатар мәселе бар екенін көрсеткен. Осыған байланысты мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру үшін прокурорлық қадағалау актісі енгізілген.
Прокуратура өкілдері кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға шақырды. Негізгі мақсат – айыппұл санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.