Қазақстандықтар
тек наурыз айында дүкен-базарларда 732 миллиард теңгеге сауда жасаған. Бұл
ақпан айымен салыстырғанда 16 пайызға артық. Ranking.kz зерттеуі осыны
көрсетті. Наурыз мейрамға толы ай, оған қоса ақпаннан 3 күнге ұзақ. Дегенмен
дүкендер мен базарларда сату көлемінің жылдық өсімі 13,7 пайызды құраған.
Былтырғы
наурызға қарағанда биыл көп ақша жұмсалған. Әдеттегідей негізгі тұтынушылар
Алматы мен Астанада. Алматылықтар 279
миллиард теңгеге, астаналықтар 87 миллиард теңгеге сауда жасаған. Бұл жолы
Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облысында тұтынушылар көбейіпті. Ондағы бөлшек
сауда 36 пайызға дейін артып отыр. Қазақстандықтар дүкендер, базарларда
қалдырған ақшаларының үштен бір бөлігін тағам алуға жұмсапты. Ол 244 миллиард
теңгеге жуық. Қалған қаражатқа азық-түлікке жатпайтын заттар сатып алынған.
Ауыл халқы 53,3 миллиард теңгеге сауда жасапты. Алайда, бұл тек кассалық
аппаратта тіркелген сауда көлемі. Ал әрбір қала тұрғыны наурызда орта есеппен 70
мыңнан аса ақша жұмсаған. Бұл өткен айдан да, былтырғы көрсеткіштен де біршама
жоғары.