Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қазақстандықтар соңғы үш жылда 47 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген автонесие алған

AstanaTV
24.04.2018ж. 20:00
3775
Қазақстандықтар соңғы үш жылда 47 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген автонесие алған

Жеңілдетілген автонесие қазақстандықтардың арасында өте танымал. Президенттің «Нұрлы жол» бастамасы бойынша мемлекет тарапынан бөлінген барлық қаражат бүгінгі күні өз қарызгерлерін тапты. Бүгінде бағдарлама «револьверлік режимде» жұмыс істейді. Бұл дегеніміз - бұрын берілген несиелерді өтеуден түскен қаржы жаңа автокредиттерге жіберіледі. Қазақстандықтар соңғы үш жылда отандық автокөліктерді сатып алу үшін 47 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген автонесие алған. Биыл жеңілдетілген несиеге үкімет 8 миллиард теңге бөлді. Қазақстанның Даму банкі бағдарламаның операторы ретінде бұл қаражатты екінші деңгейлі банктерге жіберді.

Отбасы бюджетіне салмақ түсірмейтіндей етіп жаңа көлік алу ол мүмкін. Мұндай мүмкіндікке 11 500 қазақстандық ие болған. Елімізде жиналған 60-тан астам темiр тұлпардың модельдерiн 7 жылға 4 пайызбен 15 млн. теңгеге дейін алуға болады. Осылай деп Қазақстанның даму банкі айтып отыр.

Әділ Исмағамбетов, Қазақстанның Даму банкінің басқарушы директоры:

Тоқсан сайын шамамен 2 млрд теңге жинақталады, тиісінше, 400-500 жаңа несие шығарылады. Екінші деңгейлі банктерге соңғы транш 8 млрд теңге бөлінгендіктен, бұл сома арта түседі.

Қазір жеңілдетілген автокредиттер бұрын берілген несиелерді өтеу есебінен жұмыс істейді. Биылғы жылы жеңілдетілген несиелендіруге 8 млрд теңге бөлінді. Бұл бағдарлама іске асырылғаннан бергі  үшінші транш. Ол толық игерілген. Өтінімді бекіту уақыты оны қарайтын коммерциялық банкке байланысты. Бағдарламаға екінші деңгейлі 7 банк қатысады. Қазақстанның даму банкі өтініштерді тек бағдарламаның шарттарына сәйкестігін тексереді. Сондықтан шешім бір күнде қабылданады.

Әділ Исмағамбетов, Қазақстанның Даму банкінің басқарушы директоры:

20 жылға есептелген ҚДБ жүргізетін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдың сәуір айында басталған. 2015 жылдың сәуір айында Ұлттық қордан алғашқы қаржы бөлінді. Егер динамикаға қарасақ, 2015-2016 жылдары 26 млрд теңге игерілді. 2017 жылы қаражат бөлінбеді, тиісінше, қайтадан сол қаржы игерілді. 2018 жылдың басында қосымша 8 млрд теңге бөлінді. Бұл республикалық бюджеттің қаражаты. 3 айда жаңа несиелер мақұлданды. Екінші бағдарлама бойынша қазірдің өзінде 100% -ы мақұлданып, 82% несие берілді.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері мемлекет Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 34 миллиард теңге бөлді. Мемлекеттік бастама қазақстандық автоөндірушілерге өндірісті қалпына келтіруге көмектесті. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық конвейерден өндірілген автомобильдердің саны екі есе өсті. Қазақстанда шығарылған әрбір төртінші автокөлік жеңілдетілген автонесиелер арқылы сатылады.