$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыға жақын орналасқан таулы қыраттарда топырақ көшу қаупі алаңдатады

AstanaTV
23.04.2018ж. 20:00
5767
Алматыға жақын орналасқан таулы қыраттарда топырақ көшу қаупі алаңдатады

Алматыға жақын орналасқан таулы қыраттардың барлығында топырақ көшу қаупі бар. Оған осы аймақтағы жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі кез-келген уақытта түрткі болуы мүмкін. Бұл туралы География инситутының мамандары ескертеді. Оған шаһар маңындағы елді мекендерде үйлердің ретсіз салынуы өз әсерін тигізіп жатыр. Алматыдан 400 шақырым қашықтықта сырғыған тау жынысын мамандар бақылауда ұстап отыр. Ришат Асқарбекұлы тарқатады. 

Көлсай аймағындағы топырақ көшкіні адамдарға қауіп төндіріп тұрған жоқ. Десе де мамандар кез-келген жағдайға дайын болуы керек. Бұл туралы осы өңірде көшпелі жиын өткізген облыс әкімі айтты. Көшкіннің жылдамдығы біршама бәсеңдеген. Ол бастапқыда сағатына 4 метр жылдамдықпен қозғалса, қазір 1 метр сайын жылжып келеді. 

Милат Сағадатұлы,  Кеген ауданының тұрғыны:

Дауыс шықты, сырылдаған дауыс. Алғашында да ақырын ақты, барған сайын ағып келе жатыр ғой. Анау бас жағы құлап-құлап келеді. 

Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің өкілдері топырақтың оң жақ бөлігі «Көлсай» өзеніне жеткенін айтты. Ал солтүстік қапталы су арнасына 60 метрден соң жетеді. Сөйтіп өзеннің ағысын бөгегенде, көл пайда бола ма деген қауіп басым. Ал осы жерден 5 шақырым қашықтықта «Саты» және «Құрметті» ауылдары жатыр. Онда 2000-ға жуық халық тұрады. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Көлсайға баратын жолды, қалай болғанда да, қалпына келтіру керек. Егер ол мүмкін болмаса, тау қыртыстарының ерекшеліктерін зерттеп, айналма жол салу  қажет. Алдымен «Көлсай көлдері» демалыс орнына тартылған электр бағаналарын жөндеуді қолға аламыз.

Соңғы дерек бойынша, жылжыған топырақ көлемі 50 млн текше метр. Аймақта  таудың опырылуы соңғы 50 жылда тіркелмеген. Кегенге География инситутының 6 маманы барып, зерттеулер жүргізіп келген. Қорытындысы осы аптаның соңында жарияланбақ. Институт басшысы әсіресе халық тығыз орналасқан Алматы қаласы аумағының бақылаусыз жатқанын айтады. Климаттың өзгеруіне орай топырақ сырғу қаупі күннен-күнге күшейіп келеді.

Ахметқал Медеу, ҚР география институтының директоры:

Мына біздің таулы аймақтарда жер жарылмалығы өте көп. Таудың етегімен кететіні бар, таудың адыр-адыр бедері бар жерлерде бар. Үлкен Алматы көлі, Есік көлінің тұсында бар. Осы таудың етегінде сырғымалар өте көп. Мына Көтөбе, Түрксіб тұрған, арғы мынау сары топырақты жерлер, сол жердің бәрінде бар. 

Осыдан тура 14 жыл бұрын Талғар ауданында топырақ көшіп, 28 адам опат болған еді. Ал 2016 жылы Ақсай шатқалының етегінде бірнеше саяжайды лай басып қалды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мұндай апаттарға себеп болатын көптеген факторлар бар. Соның ең қауіптісі - жер сілкінісі мен жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі. Қазақстан аумағында бір жылда 10 мың жер тербелісі тіркеледі. Алматы маңында таудың қыртысын бүлдіріп, қаптал-қапталға баспана салу үрдісі де лай немесе топырақ сырғымаларына түрткі болады, дейді мамандар.

Ришат Асқарбекұлы