$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті, халық бұл оқиғаны тойлап жатыр

AstanaTV
23.04.2018ж. 20:00
2424
Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті, халық бұл оқиғаны тойлап жатыр

Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті. Ал ел астанасы  Ереванның орталық алаңында ондаған мың адам бұл оқиғаны тойлап жатыр. Бұл туралы Интерфакс хабарлады. Жергілікті БАҚ жазғандай, мерекелік шаралар Арменияның өзге қалаларында да жалғасуда. Ал бүгін елдегі наразылық шерулерінің басталғанына 10 күн болды. 

Бас көтерулерге қатысты ұсталғандар саны 200-ге жетсе де, қарсылық білдірушілер райынан қайтпаған еді. Бірнеше мың адам Еревандағы Пушкин, Туманян және Парпеци көшелерін жауып тастаған. Наразылық білдірушілер қатарында балалар да бар. Бұл туралы Рейтерс хабарлаған. Оппозиция көшбасшысы Никола Пашинян, депутаттар Сасун Микаелян мен Арарат Мирзоян да тұтқынға алынды. Мұның алдында Пашинян мен қазіргі премьер Серж Саргсян өзара келіссөз жасауға әрекеттенген. Алайда кездесу 3-ақ минутқа созылған еді. Соңғысы оппозицияның әрекетін «шантаж» деп бағалап, келіссөз алаңынан кетіп қалған. 


Бірер күн бұрын Армения президенті Армен Саркисян елдегі ахуалдың қауіпті шекке жеткенін айтқан болатын. Бұл текетірестер күтпеген жағдайға әкелуі мүмкін екенін де жасырмады. Еске салсақ, наразылық шаралары 13-ші сәуірде басталған.