Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астана медициналық университетінің студенттері өздерін оқытуға кеткен қаражатты қайтаруы керек - ректор

AstanaTV
26.04.2018ж. 20:00
2121
Астана медициналық университетінің студенттері өздерін оқытуға кеткен қаражатты қайтаруы керек  - ректор

Жалған "IELTS" сертификатымен білім алған Астана медициналық университетінің студенттері оқуға жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтаруы керек. Оқу орнының ректоры осылай деді. Университет басшылығы алдағы уақытта олардың тізімі толық жарияланатынын айтып отыр. Магистранттар мен докторанттарға 61 мың мен 82 мың теңге аралығында шәкіртақы төленген. Білім гранты арқылы оқығаны үшін мемлекет бөлген қаражат тағы бар.

Сертификаттан басталған шуға қатысты бүгін басқа да деректер белгілі болды. ЖОО басшысы бұл жағдайға тікелей жауапты деканның өткен күзде қызметінен босатылғанын айтты. Тағы екі адам өз еркімен жұмыстан кеткен көрінеді. Университет басшылығы "білім қуған" 117 жас жалған құжат жасату арқылы заң бұзғанын жақсы білген деп отыр.

Мәжит Шайдаров, Астана медицина университетінің ректоры:

Студенттер сертификаттың жалған екенін білген. Біз оларды азаматтық танытып, өз еріктерімен оқудан шығуға арыз жазады деп күттік. Алайда бұлай болмады. Білім алушылармен кездесіп сөйлескенімде олар көшеде кездескен әлдебір әйелдің сертификат ұсынғанын айтты. Бұл тіпті баланың шатпағы ғой. Олар қылмысқа саналы түрде барды деген сөз. 

Қазір студенттерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімінен соң студенттер оқуға жұмсалған қаржыны тиынына дейін қайтаруы керек. Олардың бірнешеуінің қорғаушы жалдап, сот арқылы құқықтарын қорғап жатқандарын кеше Білім және ғылым министрі мәлімдеген.

Айта кетейік, даудың басы ағылшын тілін жақсы меңгергенін куәландыратын "IELTS" сертификатынан басталды. Тексеріс кезінде 117 студенттің құжаттары жалған екені анықталды.