$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Нина, Рафаиль Равильұлы және Орхан. «Тіл – ұлттың паналайтын үйі».

AstanaTV
28.04.2018ж. 20:00
2033
Нина, Рафаиль Равильұлы және Орхан. «Тіл – ұлттың паналайтын үйі».

Нина, Рафаиль Равильұлы және Орхан. «Қазақша сөйлей алу» қалыпты құбылыс болуы керек дегенімізбен, елп еткізетін реакция беретін уақыттың материалы. Олармен сұхбаттасқан Еркін Карин.

- Кейде түсінбеген түр танытып отырам, сол кезде әңгіме айта бастайды, жамандайды... Әбден айтып болғасын, бұрылып қарап: «сіз не дегеніңізді білесіз бе?», - дегенде шошып, «кешіріңіз, сіз туралы емес», - деп жатады.

Өзі сары, көзі көк болғандықтан, көпшілік бұл қызды қазақша біледі деп ойламайды. Осылай «шолақ ойлағандарды» сабасына түсірем, дейді Нина. Бірақ көзі көктің көбі қазақша білмейтіні рас. Аңдамай сөйлейтіндерді мәдениетсіздігі үшін жазғыруға болар... Жәә, Нинаға оралайық. Ол мектебіндегі қазақ балаларымен әуелі амандық-саулық сұрасып, кейін әңгіме-дүкен құра алатындай деңгейге жетіп, мектеп бітіргенше қазақшаға жетік болып шығады. 

Нина Павлычева, журналист:

- Үлкен апам, онда қазір бес бала бар. Аттары қазақша – Бағдагүл, Бағдәулет, Нұрдәулет, Зерде, сосын Ботагөз деген. Қазір ол кейде шатысады. Бізге үйге қонаққа келеді. Керісінше орыс тілінде дұрыс сөйлей алмайды. «А где там... сыпырғыш?», - деп айтады: «Ааа, где там... ожау?»....

Нинаның пайымынша, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Бұған мемлекеттік тілді оқытатын курстардың да әсері бар. Дегенмен бәрінен бұрын қазақ тіліне қажеттілікті күнделікті өмірде туғызу қажет, дейді. Сонда бұл іске немкеттілік танытқандардың сөзі де, өзі де өзгерер еді. Бұған қосымша ниет те керек. 

Нина Павлычева, журналист:

-Ынта болуы керек қой. ынта болуы керек. Сосын сол ортаға байланысты, иә. Әріптестер, мысал үшін, достарың қазақ тілінде сөйлеуі керек. Сонда сенде акцент жоғалады. Әдеби сөздермен сөйлейтін боласың. Әдеби кітаптарды оқу керек, көбінесе. Мұқағали Мақатаевтың өлең жинақтарын оқимын.

Алпысты алқымдаған Рафаиль қария тілді енді үйреніп жүр. Оның бұл ниеті тілді қай жаста да меңгеруге болатынын дәлелдейді. Бұрынғы әскери ұшқыштың ендігі ермегі – балалар. Кешкісін гармонын арқалап, саябаққа барады. Түрлі әуенді құйқылжыта тартып, қызыққұмар бала-шағаға аспапта қалай ойнауды үйретеді. Олармен сөйлесіп, өзі де қазақша тіл сындырып жүр.

Рафаиль Равилұлы, Орал қаласының тұрғыны, әскери зейнеткер:

- Екі жыл өтті, мына жүрекке бірдеме тиді. Россияға барып келдім. Мына гармоньды сатып алдым. Қазір қазақ тілін гармоньмен бірге үйреніп жүрмін. Қашан мұнда жүрекке жақсы, тез үйренесің. Ал менде жеке мұғалім жоқ. Мен халық арасында үйреніп жүрмін. Барлық халық - менің мұғалімдерім.

Есімі «қолбасшы» деген ұғымды беретін әзербайжан жігіті Орхан да еліміздің кез-келген азаматы ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді білуі керек, дейді. Қазақшаны құрдастарынан үйренген ол түрік, ағылшын, неміс тілдерін де меңгерген. Әр тілді жаңа бір әлем деп танитын жігіт қазақ тілінің арқасында көп белесті бағындырыпты. Биыл оқуын бітіргесін, мұғалім болмақ немесе қосымша кәсібі - құрылыс саласына бет бұрмақ. Мемлекеттік тілді білгенінің арқасында мүмкіндіктің көп болатынын біледі.

Орхан Насипов, Орал қаласының тұрғыны, студент:

- Қазақ тілі арқылы мен біршама жетістіктерге жеттім. Соның ішінде мен бұрын Батыс Қазақстан облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар Қанаты төрағасының орынбасары болып қызмет атқардым. Облыстық дәрежеде, мемлекеттік дәрежедегі конкурстарға қатысып, маған тілдің пайдасы өте көп болды.

Орхан осылай дейді, ал қазақша қызмет көрсетпейтіндерді оңдырмайтын Оғыз қазақ қоғамын тағы да ойландырып тастады. Бұған дейін әуе компаниясын әбігерге салған түрік жігіті бұл жолы белгілі банктің бөлімшесін састырды.

 - Қарындас, келіңіз, қашпаңыз, сотқа берем ертең сізді. Қазақша сөйлемеймін дейсіз бе?

Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше деген қазақ... Жануарлар да табиғат жаратқан дыбысымен түсініседі. Тым әсіре естілер, әйтсе де егер ит мияулап, жылқы мөңіресе, әлде әтеш кісінесе қалай қабылдар едік?.. Бәрі айналып келгенде өзіміздің Ана тілімізде сөйлеп, Ана тілімізді өзіміздің дамытуымызға байланысты. Ана тілін ұмытқан халық біртіндеп салт-дәстүрінен, мінез-құлқынан, қасиет-құндылығынан айырылады. Бір жазушы ағамыз «Тіл – ұлттың өмір сүріп отырған мекені. Паналайтын үйі» деп жазып еді.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».