$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астананың ЖОО-ын жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тексереді

AstanaTV
03.05.2018ж. 20:00
3595
Астананың ЖОО-ын жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тексереді

Астананың ЖОО-ын енді жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тексереді. Бұған медицина университетіндегі жалған сертификат дауы себеп болды. Яғни білім ошақтарына сыбайластық тәуекелдері бойынша сараптама жасалады. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Сараптама негізгі үш фактор бойынша жүреді. Университеттердегі кадрлар жүйесі, нормативтік-құқықтық актілер мен жабық қызметтер тексерілмек. Мамандар сөзінше, мәселен, жатақханадан бөлме алу үшін кезекке тұрғанда да жемқорлық фактілер тіркелуі мүмкін. Студенттердің сынақ тапсыруы, тиісті білім сертификатын иеленуі де назарда болады. Ал басы дауға қалған болашақ дәрігерлер туралы мамандардың өз уәжі бар. Егер студенттер коррупцияға қарсы қызмет өкілдеріне дер кезінде хабарласса, жағдай мұншалықты ушықпас еді деген пікірде. 

Жазира Жылқышиева, Астана қалалық мемлекеттік қызмет және СЖҚІҚ департаменті басшысының орынбасары:

Барлық 117 студентті бірдей кінәлап, олар сертификаттың жалған екенін білді деуге болмас. Бәлкім, кейбіреулері алданып қалған шығар. Сондықтан жағдай толық анықталмайынша, қандай да бір кесімді пікір айтуға асықпаған дұрыс. Біз өз тарапымыздан жемқорлық тәуекелдері бойынша сараптама жасауға тиіспіз. 

Еске салайық, даудың басы ағылшын тілін жақсы меңгергенін куәландыратын "IELTS" сертификатынан басталды. Тексеріс кезінде 117 студенттің құжаттары жалған екені анықталып, олар түгел оқудан шығарылған. Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімінен соң студенттер оқуға жұмсалған қаржыны тиынына дейін қайтаруы керек.