Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тоқтаусыз жауған жауын салдарынан Алматы көшелері суға толды, ал облыста лай көшкіні жүрді

AstanaTV
14.05.2018ж. 20:00
3068
Тоқтаусыз жауған жауын салдарынан Алматы көшелері суға толды, ал облыста лай көшкіні жүрді

3 күн бойы толассыз жауған жауынға Алматы көшелеріндегі арықтар төтеп бере алмады. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері хабарлады. Осының салдарынан көшелер көлге айналып, аулаларға жайылды, тіпті жертөлелер суға толған. Ұзын сонар көлік кептелісі де тұрғындарды әбігерге салды. Әлеуметтік желілерге жаппай жарияланған фотолар мен видеода шек жоқ.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

Арық жүйесімен және өзендер тұрмыстық қатты қоқыстармен толып қалды. Сол себепті қаланың төменгі жағындағы арық жүйелері болған жауынның көлеміне төтеп бере алмады. Су басу фактілерін жоюға 70 адам, 6 техника, 7 мотопомпа жұмылдырылды.

Ерлан Әлібековтың айтуынша, өткен жылы су тасқынының алдын алу үшін қалада 30 шақырым арық жүйесі салынған. Биыл тағы 42 шақырым арық қазу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізуге жергілікті бюджеттен 7,5 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Тоқтаусыз жауған жауыннан Алматы облысында лай көшкіні жүрді. Салдарынан екі аудандағы демалыс лагеріне баратын тас жол жабылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады.

Гүлмира Әбілқасымова, Алматы облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

Қарасай ауданында лай көшкінінен зардап шеккендер жоқ. Жағдай тұрақты. Екінші көшкін Талғар ауданында орын алды. Шамадан тыс жауған жауын салдарынан «Түйе тауы» бөктерінен 60 текше метр лай төмен ағып, жергілікті маңызы бар жолға жайылды. Төтенше жағдай қайталануы мүмкін болғандықтан, тас жол жабылды. Тазалау жұмыстары ертеңге жоспарланып отыр. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.