Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елімізде «Қаһарман даңғылы» акциясы бастамасын алды

AstanaTV
10.05.2018ж. 20:00
3246
Елімізде «Қаһарман даңғылы» акциясы бастамасын алды

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен ел аумағында «Қаһарман даңғылы» акциясы басталды. Соның аясында нұротандықтар мен "Жас Отан» жастар қанатының өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап, оларға құрмет көрсетті. Бірі қариялардың үй-жайын ретке келтіріп, ауласын тазаласа, енді бірі олар тұратын көшелерде сенбілік ұйымдастырды.

Ғабдолла Бейсенбаев үшін биылғы Жеңіс күні қос мерекемен ерекшеленді. Ақсақал жуырда ғана 100 жасын атап өткен. «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қарияны құттықтай келе, кішігірім тарту-таралғысын да жасады. Сұрапыл соғыс ғасыр жасаған қарияның әлі есінде. Қан майданда нағыз ерлермен қарулас болып, артиллерия шебінде қас дұшпанмен шайқасқан. Өнегелі әңгіме тындаған жастар, майдангердің ауласын тазалап, сенбілік ұйымдастырды.

Санира Жүсіпова, Павлодар облысы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы:

Гүлдерді біз крафт қағазымен әшекейлеп, өз қолымыздан құттықтау қағазын жасадық. Сол құттықтау қағазы мен раушан гүлін біз қазір ардагерлерге таратып жүрміз. Қазіргі таңда біз 23 ардагерді аралап шықтық және де сенбілік жалғасуда.

«Жас Отанның» Ақтөбедегі белсенділері болса, Кеңес одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің иегерлері атындағы көшелерді тазалады. Осылайша 46 көшеде сенбілік ұйымдастырған.

Асылжан Бүркіталин, Ақтөбе облысы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

Қазіргі күні Ақтөбе облыстық филиалының еріктілерінің жұмысымен 7 көшеге тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға барлығы 150-ге жуық ерікті қатысып отыр. Әрбір көшеге, әрбір учаскеге біз 20-ға жуық еріктіден бөліп берген болатынбыз.

Ал астаналық жастар Әлия Молдағұлова атындағы көшеге жиналды. Олар қазақтың батыр қызының ескерткіші маңын тазалады. Жасотандықтар бұл ауқымды науқан бір күнмен шектелмейді, дәстүрге айналдырамыз деп отыр. 

Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

«Қаһармандар даңғылы» акциясы аясында біз үй-жайларды тазартып қана қоймай, осы Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің және тарихи маңызы бар ескерткіштердің айналасында әрлендіру жұмыстарын, гүлдер отырғызу, көріп тұрғандарыңыздай суару және кезекшілік деңгейде әр апта сайын тазалық жұмысын жүргіземіз.

Акция еліміздің әр өңірін қамтыды. Іс-шараға 6 мыңға жуық нұротандық пен жасотандық қатысқан. Осылайша әр қала-аудандағы 70-ке жуық көше ретке келтіріліпті. Әсемгүл Мұхитқызы, Жақсыбек Кемал