Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодарлық көлік иелері мемлекетке 670 млн теңге қарыз

AstanaTV
17.05.2018ж. 20:00
1893
Павлодарлық көлік иелері мемлекетке 670 млн теңге қарыз

Павлодарда көлік иелері бюджетке 670 млн теңге қарыз. Мемлекеттік кіріс басқармасының дерегінше, борышкерлердің дені жол талғамайтын темір тұлпарлардың қожайындары. Көлік иелері берешегін өтеуге неге асықпайды? Енді оларды қандай жаза күтіп тұр? Осы және өзге де сауалдарға әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы жауап іздеді.

Керекудегі миллиондаған қарыз туралы аймақта өтіп жатқан «Салық - борышкер» акциясы барысында белгілі болды. Мемлекеттік кіріс басқармасының мамандары жол сақшыларымен бірлесе отырып қарыз иелерін әшкерелеуге белсене кіріскен.

Сақшылардың назарына ілінген мына көліктің иесі салыққа 170 мың теңге қарыз. Ол мұны естігенде біраз абдырап қалды. 35 жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар азамат өзін жариялауға қарсы. Бірақ қомақты соманың қайдан келгенін білмейді. Десе де, оны толық өтеуге әзір.

Ыңғайсыз жағдай туындамас үшін салықты дер кезінде төлеп отыру керек. Мен дәл осындай қарыздың барын білмедім. Сондықтан таң қалып тұрмын. Міндетті түрде өтеймін.

Мемлекеттік кіріс басқармасының дерегінше, көлік жүргізушілері бюджетке 670 млн теңге қарыз. Әр іс бойынша ескертпе жіберілген. Алайда, тұрғындар берешегін жабуға асығар емес, дейді салыққа жауаптылар.  Акция аясында 15 темір тұлпар айып тұрағына тоғытылған. Тек осы көлік иелерінің қарызы ғана 6 млн теңгені құрайды.

Мақсұт Қаңтарбаев, Павлодар қалалық мемлекеттік кіріс басқармасының бөлім басшысы:

Өткен жылдың соңында көлік салығынан 1 млн 670 мың теңге қарызы бар азамат анықталды. Темір тұлпар бірден айып тұрағына жіберілді. Қызығы сол, көлік иесі  қомақты ақшаны бір күнде тауып, өтеді. Сондықтан аталған акция біз үшін өте тиімді болып тұр

Шенділердің айтуынша, салықтан берешегі бар адамдарға бірнеше шара қарастырылған. Тиісті ескертпені алғаннан кейін 30 күннің ішінде қарызы өтелмесе, темір тұлпар айып тұрағына қамалады

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Сондай-ақ, көлік иесінің шетелге шығуы шектеліп, есепшоты бұғатталады. Кәнігі борышкерлер болса, әкімшілік жазаға тартылып, қамауға алынуы да мүмкін. Айта кетері, былтыр павлодарлық бір тұрғынға осындай жаза қолданылған.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ