Қарағандылық
«Сарыарқа» Венгрия құрамасының голкиперімен біржақты келісімшарт жасады. Жуырда
өткен әлем чемпионатында бірінші дивизион командалары арасында Адам Вай
турнирдің ең үздік қақпашысы деп танылды. 5 матчта хоккейші қақпаға жасалған
соққының 93% қайтарды. Осы және өзге де спорт жаңалықтары келесі топтамада.
Арман
Әшімов М-1 Challenge чемпионы бола алмады. Бес раундтық жекпе-жектің екінші
кезеңінде жеңімпаздың кім екені мәлім болды. Аралас жекпе-жектен өнер көрсетіп
жүрген жерлесіміз Украина спортшысы Александр Доскальчуктен жеңілді. Қолын
сындырып алған қазақстандық қапыда қалды.
Аргентиналық
теннисші Николас Кикер айласын асыра алмады. Осыған дейінгі ойындарды
қарсыласымен келісіп өткізгені мәлім болды. Әлемнің 84-інші ракеткасы үш жыл
бұрын «Челленджер» сериясындағы турнирде екі матчты сатып алған. Осы әрекеті
анықталған аргентиналық теннис жарыстарынан шеттетілді. Тіпті алдағы күндері
басталатын «Ролан Гарросқа» да қатыса алмайды.
«Астананың»
көшбасшысы Мигель Анхель Лопес гранд турдың 18 кезеңінде өз көрсеткішін
жақсартты. Джироның іріктеу сынында ол фавориттер тобынан 3,5 шақырым суырылып
алға шықты. Кезең қорытындысы бойынша 11 орыннан көрініп, жалпы есептегі
нәтижесін де жақсартты. Осылайша көш бастаған қызғылт жейде иегеріне бір табан
жақын қалды. «Астананың» тағы бір мүшесі мәре сызығын 17-інші болып кесіп,
үздік сегіздіктің қатарына ілікті. Италия велокөпкүндігінде 9-ыншы кезеңнің бір
бөлігі жолсыз жермен өтеді. Енді шабандоздар тау асуларында бақ сынасады.
Ресейде футболдан өтетін әлем чемпионатының ресми гимні ғаламторды шарлап кетті. Live it Up деп аталатын композицияны Грэмми сыйлығының иегері әрі белгілі актер Уилл Смит, әнші Ники Джем мен албандық өнерпаз Эра Истрефи орындайды.
Мундиальға
арналған гимн алғаш рет 1966 жылы Англияда пайда болған. Содан бері әрбір әлем
чемпионатына дербес ән арналып келеді.