$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шетелдік журналистер Қазақстанның мәдениетіне қызығушылық танытуда

AstanaTV
28.05.2018ж. 20:00
4982
Шетелдік журналистер Қазақстанның мәдениетіне қызығушылық танытуда

Маңғыстаудың кереметі шетелдіктерді қайта оралтты. Аймаққа әлемнің сегіз елінен журналистер мен блогерлер арнайы ат басын бұрды. Мақсат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдің киелі орындарымен жақын таныстыру. Мәселен, француздарды жер асты мешіті қызықтырса, итальяндықтарды жергілікті халықтың қонақжайлығы тәнті еткен. Ал  Испаниядан келген журналист, ұлттық ас - еттен ауыз тиіп болғасын, тіпті ән салып берді. 

Франция, Мысыр, АҚШ, Қытай, мен Испаниядан келген журналистер, блогерлер мен операторлар. Көп уақыт өтпей ақ олар интернет порталдар мен басылым беттерінде өздері куә болған, әрі таңқалған жәйттерді жаза бастады. Қазақстанға қайта оралуға себеп болған не құдырет екенін де бүгіп қалмады. Астана заманауи сәулетімен баурап алды,- дейді көпшілігі. Ал Франциядан келген журналист жер асты Шопан ата мешітінен алған ерекше әсерімен бөлісті. 

Изабель Моран, журналист, Франция:

Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Қатты толқып, тамсанып тұрмын. Астана сәулетімен ерекшеленсе, Маңғыстау - тұнған тарих. Жер асты мешітінен алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Ол жерде тілеген тілек қабыл болады дейді. Мен бұған сенемін.

Серхио Энрике, фотограф, Испания: 

Мұнда міндетті түрде отбасыммен бірге қайта келемін. Бұл жақтың адамдары керемет, табиғаты тіпті тамаша. Қазақстан туралы кемінде 10 бет мақала жазатын шығармын. Ойымды жинақтау қиындау болып тұр.

Киелі орындарды аралау барысында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Салт-дәстүрімізге сай барынша қошемет де көрсетілді. Тіпті сыйлы қонаққа арнайы сойылған қойдың басы да бар. Оның көзінен, таңдайыннан ауыз тиген испандық суретші, тауық етіне ұқсастығы бар екенін айтты. Ал тілін тамсана жеген тілші ән салып берді.

Пресс-турды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Маңғыстау облыстық әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Тақырып - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет. Аймақ басшысы меймандарды қабылдап, Маңғыстау киелі мекеннің қайнар көзі екенін атап өтті.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

Маңғыстау өңірінде 19 жер асты мешіті бар. Ғалымдардың дерегінше, олар 5-7-ші ғасырларда пайда болған. Туристерді тартуда мұндай киелі мекендердің орны бөлек. Шетелдіктерді бірінші кезекте теңіз емес, осындай ғажап орындар қызықтырады.

Шетелдік журналистердің ел аумағындағы саяхаты он күнге жоспарланған. Маңғыстау өңірінен соң қонақтар Алматыға сапар шегеді. Онда үлкен Алматы өзеніне табан тіреп, әсем шаһардың Көктөбе секілді кереметімен жақын таныспақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ