Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жыл басынан бері менингиттен 8 адам көз жұмды - Ж.Бекшин

AstanaTV
29.05.2018ж. 20:00
2338
Жыл басынан бері менингиттен 8 адам көз жұмды - Ж.Бекшин

Елде жыл басынан бері менингит сырқатынан 8 адам көз жұмған. Бұл туралы бүгін тілшілер сауалына жауап берген елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың төртеуі Алматыда тіркелген. Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында екі-екіден адам өлімі орын алып отыр. Ал вакцинация жасатқысы келетіндердің қалтасында 22 мың теңгесі болуы керек, себебі екпе ақылы түрде жүргізіледі. Бас санитар дәрігер қауіпті аурудың алдын алып, салдарын жою үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады.

Жандарбек Бекшин,  ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

Ел бойынша 62 жағдай тіркелді, оның 29-ы Алматыда. 62 жағдайдың 8-і өлім-жітіммен аяқталды, өкінішке орай. Алматы қаласында біздің ең үздік дәрігерлер мен эпидемиологтар, бактериологтарды жібердік. Олар қазір сонда жұмыс жасап жатыр.

Сондай-ақ Жандарбек Бекшин Қарағанды облысында астан уланған 20 адамның жағдайы қалыпты екенін айтты. Жансақтау бөліміне түскен екі адамның ахуалы қазір орташа дейді.

Жандарбек Бекшин,  ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

Тексеріс барысында санитарлық жағдайдың өрескел бұзылғаны анықталды. Үйдегі жағдайды ешкім бақыламайды ғой, тұрғындар өздері дайындалған. Кремі бар, майлы тоқаштар 5 тәулік бойы жылы жерде сақталған. Мұнан өзге еттің де сапасының күмәнді екені байқалды. Жағдай біздің бақылауымызда.