Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбелік оқушылар енді қазақ тілінде анимациялық роликтер құрастыра алады

Ақтөбелік оқушылар енді қазақ тілінде анимациялық роликтер құрастыра алады

Ақтөбелік оқушылар қазақ тілінде анимациялық роликтер құрастыра алады. IT сыныптар осындай мүмкіндікті ұсынып отыр. Ал Қарағандыда ересектерге арналып екі ІТ орталық ашылды. Онда мамандар дайындалмақ. Бұл бастамалар "Нұр Отан" партиясының жаңа жобалары негізінде қолға алынған. 

Ақтөбедегі 55-інші орта мектептің бір бөлмесі заманауи компьютерлермен,3Д принтер, жоғары жылдамдықтағы интернет және қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталған. Орта және жоғарғы сыныптардың оқушыларына арналған сабақтар факультативті негізде, аптасына екі мәрте өткізілмек. IT сынып жазғы демалыс кезінде де жұмыс істейді. Ниет білдірушілерге жаңа технология тілін информатика пәнінің мұғалімдері үйретпек.

Әлішер Мәжит, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:

Бүгінгі IT класқа 10 компьютер қойылған. Соларда скринч, джава бағдарламаларында анимация, мини ойындар жазу үшін мүмкіндіктер бар. Балалар осымен айналысып жатыр. Болашақта одан да қиын моделирование, HTML кодтар жазу және приложениялар орнату бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Ал Қарағандыда ІТ мамандар даярлау ісі қолға алынды. Облыстық кәсіпкерлер палатасында осы мақсатта екі орталық ашылды. «Нұр Отан» партиясы оған жұмыссыз жастарды тартуға ниетті. Курс аяқталған соң оларды түрлі компаниялар мен кәсіпорындарда қызметке орналастыруды да жоспарлап қойған. Бүгінде бұл кәсіпті меңгеруге 41 адам өтініш білдірген. Орталық 150 адамға білім бере алады.

Қадиша Оспанова, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Кейін жастарды,  ертең  жаңағы ІТ компанияларға немесе жаңағы ВУЗ- дарға, жоғарғы білім оқуларына немесе колледждарға олар ІТ мамандар боп жұмыс атқарады.

Партияның жаңа жобаларының бірі - кітапханаларының жұмысын жандандыру. Осы мақсатта "Нұр Отанның" Астана қалалық филиалы, кітаптандыру жүйесі мемлекеттік мекемесі мен Кәсіпкерлер палатасы үш жақты меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты біреу. Ол кітаптардың электронды нұсқасын дайындап, кітап қорын онлайн режимге көшіру. Сондай-ақ, кітапхананың материалды-техникалық базасын дамыту.

Шыңғысхан Қожахметов «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары:

Жаңа үлгідегі бестцеллер дейміз, сондай кітаптар кітап сататын сөрелерде ғана бар. Бұл көп адамдарға әлі қолжетімсіз болып отыр. Электронды нұсқаларын интернет арқылы сатып алуға мәжбүр болып отыр. Сондықтан осы жүйені енгізу арқылы әрбірі соны оқып білігісі келетін азамат зейнеткер болсын, оқушы болсын, студент болсын, қарапайым азамат болсын кітапханаға барып оны оқу мүмкіндігі болады.

Ал Павлодардағы кітапханалардың бірінде коворкинг-орталығының тұсауы кесілді. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Келіп-кетушілердің тыныштықта демалып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы бұл жер ересектерге ғана емес, балаларға да тартымды болмақ. Балғындарға үстел ойындары қойылып, бірнеше үйірме жұмыс істейді. Жаңашылдыққа кітапхана ұжымы дән риза. «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің айтуынша, бұл өңірде ашылған жиырмасыншы нысан. Маңызды жобалар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.