Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Балалар лагері. Көбі мектеп жанындағы лагерьлерде демалады...

AstanaTV
02.06.2018ж. 20:00
7781
Балалар лагері. Көбі мектеп жанындағы лагерьлерде демалады...

Біздің уақытта балалар лагерінсіз болмайтыны түсінікті. Қауіпсіздігі, санитарлық - гигиеналық күйі, ас-ауқаты - осы параметрлер қаншалықты сақталады? Бетін әрі қылсын, ешкім уланып немесе суға батып кетпей ме? Және бір маңызды тұсы - бағасы қанша? Сонымен бірге мектеп жанындағы лагерь. Мысалы, Ақтөбе облысының әкімі ондай лагерьлерді онша құп көрмейді. Ол тіпті өңіраралық лагерьлер ашуды айтты. Орманды, таулы аймақтарда. Жеріміздің басым бөлігі дала, шөл және шөлейтті болып келетінін ескерсек, дұрыс бастама. Құмды дауылдан көз ашпайтын балалар бір қуанып қалушы еді. Ал өкімет оған не дейді? Еркін Кариннің материалы. 

Мектепте тоғыз айға созылған оқудан мойны енді босаған балалар мәз-мейрам. Ережесі өзгеше жаңа орта, жаңа достар... мұның бәрі жыл бойғы партада төгілген тердің өтеуі іспетті. Періште көңіл бүлдіршіндер бір-бірімен танысқанша асық.

Гүлсім Дүйсенғалиева «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры:

Бізде әр баланың мүмкіндігіне қарай, әр баланың ерекшелігіне қарай баланың дамуына үлкен мүмкіндік жасаймыз ба деп отырмыз. Осы біздің лагерь орталығынан кеткен бала үлкен қуанышпен, өзінің денсаулығын түзеп, екіншіден, баланың осы жерден көп нәрсені алып, айтары мол болып, өзінің достарына жеткізеді деген мүмкіндік туғызып отырмыз.

Бірақ қала сыртындағы демалыс орнының бағасы арзан емес. Баласын он күнге тынықтыру үшін 30 мың теңгені екінің бірі қалтасынан суырып бермесі анық. Дағдарған ата-ананы мұндайда мектеп жанындағы лагерьлер құтқарады. Сондықтан жұмыста жүргенде баламыз қараусыз қалады деп алаңдамайды.

Әлия Балғожина, мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерінің жетекшісі:

Балаларымыз таңертең сағат тоғызда келеді. Таңғы жаттығумен бастайды. Сосын таңғы тамақтарын ішеді, содан кейін бізде әртүрлі жобалар ұйымдастырылған, мектептегідей. Соған қатысады. Балаларымыз төртке дейін мұнда болады. Жазғы сауықтыру лагерімізде әртүрлі осындай қызықты жобалар ұйымдастырылуда. Сондықтан ата-аналар өз еріктерімен әкеледі деп ойлаймын.

Дегенмен Ақтөбе облысы әкімінің мұндай лагерьлерге көңілі толмайды. Өйткені 9 ай мектепте жүрген бала тағы 3 ай мектепке қамалса, мезі болары анық. Сондықтан жасыл желегі жайқалған табиғаты тұмса аймақтардың мүмкіндігін пайдалану керек-ақ.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Шынын айтсақ көріп жүрміз ғой мектеп жанындағы лагерьлердің көбісі дұрыс жұмыс жасамайды. Біздің ұсынысымыз – соның есебінен шатырлы лагерьлерді, еңбек лагерьлерін, спорттық лагерьлерді, сосын ең негізгісі өңіраралық лагерьлер. Мысалы, енді Шығыс Қазақстанның, Алматы облысының табиғаты мен біздің табиғатты салыстыруға болмайды ғой. Біз енді сол жаққа балаларды көбірек жіберсек, сонда балалар біріншіден бір-бірімен танысар еді. Екіншіден табиғатты көріп жақсы демалар еді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Өздері бір-бірімен келісіп, әріптестеріңізбенен. Жіберем десеңіздер жіберіп жатасыздар. Егер енді орын болып жататын болса, өйткені ол жердегі балалар да сол лагерьлерге барып, демалғысы келеді. Мектеп жанындағыларды әкімдер... өздеріңнің қолдарыңыздағы дүние ұйымдастыру. Мектептің жанынан емес, Ойылдың жанынан ба, Ырғыздың жанынан ба...

Әңгіменің аяғын әзілге тіреген үкімет басшысы бұл істі әкімдердің өздеріне тапсырып, оңай құтылды. Орман-таулы аймақтарда респуликалық лагерьлер салу туралы әңгіме мүлдем жоқ деген сөз. Қалай дегенмен де, көркем табиғат аясында тыныққан кез бала жадында ерекше сақталады. Бірақ бұл жерде немерелерінен қолындағы бары мен сандыққа тыққанын аямайтын ата мен әже институтын ұмытқан сияқтымыз. Талғат мысалы, лагерьге мүлдем бармаған. Мұнысына өкінбейді, үйде жүрсем де дария кеуде, тау мүсін қарттардан үйренгенім көп дейді, «әжесінің баласы».

Талғат Серікқалиұлы, Орал қаласының тұрғыны:

Лагерьге бармадым деп өзімді көштен қалдым деп санамаймын. Шүкір, әжемнің арқасына мініп жүріп, әжеммен бірге той-томалақтарда бірге жүріп, салт-дәстүрді, тағы басқа орталарда жүріп, үлкен кісілердің, көнекөз қариялардың қазына кеуделі қарттардың, ақсақалдардың әңгімесін тыңдадық.

Жыр болған өңіраралық лагерьден үміттілер - оқу озаттары мен тұрмысы төмен отбасы балалары. Бір ғана мысал, биыл оралдық өрендер Астана мен Алматыдағы демалыс орындарымен шектелмей, Италиядағы Чезенатико аралына аттанады. Мұндай «бақыт бұйырмағандардың» да өз қызығы өздерінде. Биыл олар үшін үлкен бассейн салынған. Енді бүкіл баланың осында сұранары анық.

Еркін Карин, тілші:

Бір мезетте 50 бала шомылатын мына бассейн оқушылар түгілі, оралдық білім беру бөлімінің арманы болып келген еді. Ұзақ күттірғен арманы енді орындалды. Күннің аптап ыстығына, әлде жауын-шашынға қарамастан, суға түсе береді. Бұл тәрбиешілерге де жеңіл. Өйткені мына жерде бәрі көз алдында.

Ал Тараздан 70 шақырым жердегі «Рауан» лагеріне жету оңай емес. Лагерьге бастап баратын мына жолмен мектеп автобусы түгілі, әскери техника әрең жүреді. Қазақ-қырғыз шекарасымен шектесіп жатқан тау шатқалындағы мына мекенде жылына 2 мыңдай бала тынығады. Тынығады деген аты ғана. Жүрдек джиптің өзін сүріндіретін жолмен жүрген балалар лагерден демалып емес, дел-сал боп қайтары, ал ата-аналарбалаларының сауығып емес, сау қайтқанына қуанары анық. Әзірге жолды қарап, жоғын түгендеген ешкім жоқ.

Ақмарал Маханова, «Рауан» лагері директорының міндетін атқарушы:

Оны жөндеу үшін үлкен қаражат керек, көп ақша керек. Біз биыл хат жаздық, қала әкіміне. Бізге хотя бы грейдер деген машина қарастырып берсе, жолды кішкене тураласақ, өйткені автобустар да жүргісі келмейді мұндай жолмен. Балаларға да қауіпті. Білмейміз бұл сұрақты қашан шешетінін.

Биыл оқушылардың 92% жазғы демалысты лагерьде өткізуге әзір. Бұл -білім және ғылым министрінің дерегі.

1-8 сыныптардың 2 млн 815 мың оқушысы үшін 1-маусымнан бастап, мектептердің жанынан 12 мыңнан астам лагерь жұмыс істейді. "Балдәурен" және "Қапшағай" демалыс орындарында жылда 9 мыңдай оқушы тынығады. Ал жағдайы жоқ отбасыларына жолдама алуға биыл жергілікті бюджеттерден 4 млрд теңге бөлінген.

Бұған қосымша лагерьлерде робот техникасы үйірмелері, айти сыныптар мен тілдік курстар ашылады. Білім саласының өкілдері биылғы демалысты жоғары деңгейде өткізеріне сенімді. Тек қауіпсіздік шаралары, санитарлық нормаларды сақтап, тамақтан улану және суға ағып кету сияқты келеңсіз және қайғылы оқиғаларды болғызбау керектігін білетін шығар.

Данияр Әлімқұл, Әсемгүл Мұхитқызы, Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».