Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Премьер әкімдерге менингококка қарсы вакцина бағасын түсіруді тапсырды

AstanaTV
05.06.2018ж. 20:00
2393
Премьер әкімдерге менингококка қарсы вакцина бағасын түсіруді тапсырды

Жыл басынан бері менингиттен 13 адам қаза болды. Жұртты дүрліктірген сырқатқа қатысты Үкіметте есеп берген Елжан Біртанов осылай дейді. Бүгінде елде 55 адам осы инфекциядан емделіп жатыр. Ал Үкімет басшысы әкімдерден бағасы удай вакцинаны арзандатуды сұрады. 

Бүгінгі Үкімет отырысы да менингококк инфекциясы тақырыбымен ашылды. Премьер бәрінен хабардар. Науқасты әуре-сарсаңға салатын ауруханалар мен министрге ескерту жасады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Кеше оқып отырмыз, Талғардан Қаскеленге дейін екі сағат. Ал анасы баласын үш сағатта жоғалттым деп отыр. Талғардан Қаскеленге жеткенше қай заман? Неге осындай мәселелерді жедел түрде бұйрықтарыңызды беріп, шешім шығармайсыздар?

Біртанов болса Премьердің өзінен көмек сұрай келген. Республикалық штаб құрылады. Жергілікті жерде оның жұмысына бөгет жасамау туралы және медициналық көмекті науқасқа келген бетте жедел түрде көрсету туралы бұйрық шығаруды өтінді. Жыл басынан өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясы күдігімен 593 адам қаралған және 213 адам емдеуге жатқызылған. Олардың арасында 58 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар саны - 21. Сырқаттан 13 адам қайтыс болды: Алматы облысында - 4, Қызылорда облысында - 1, ОҚО - 2, Алматы қаласында - 6 адам. Арасында алты бала бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымынша, қазір Қазақстанда эпидемия жариялайтын жағдай емес. Қауіп деңгейі шекті межеден 7 есе аз дейді. Жұртшылықты жаппай егу үшін апатасына 1800 жағдай тіркелу керек.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қазіргі күнде Алматы қаласында бұл көресткіш 54. Және 180 жағдайды құрайды. Ағымдағы жылы ең жоғары көлемі 21-27 мамыр араларында тіркелді. Республика бойынша 15, Алматы қаласы бойынша 13 жағдай.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі: 

Вакцинаны өз еркімен алу, егу мәселесі де халық арасында күннен-күнге көтеріліп келе жатыр. Бағасы өте қымбат. Бір облыста 40 мың, бір облыста 20 мың тұрады. Осындай жағдай болып жатқанда министрліктер, құрметті әкім мырзалар, сіздер де бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, бағасын түсіру керек. Дүрлігуге жол бермеу керек.

Күннің күрт жылынуы инфекцияның одан бетер қозуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан Бас санитар тұрғындарға сақтануға кеңес берді.

Жандарбек Бекшин,ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы: 

Ауа-райына байланысты, ол да осы ауырудың таралуына себеп болатын фактор. Себебі суық тигізу және ыстық соғу осындай факторлар аурудың таралуына көмек береді.

Үкімет отырысынан соң Біртанов Алматыға аттанып кетті. Онда балаларға арналған жазғы лагерь жұмысы тек 18-ші маусымнан кейін басталатыны хабарланды. Кейін, жағдайға қарай, мерзімі тағы жылжуы мүмкін.